Photo Valeriy BUGAYEV

Аймағымызда жүзеге асырылып жатқан «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы елді мекендердің ажарын ашуда. Ауыл халқының өмір сүру сапасын жақсарту, елді мекендерде әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды дамытуды мақсат тұтқан жоба аясында ілкімді істер атқарылған. 2019-2023 жылдары аралығында жалпы саны 137 мың адам тұратын 88 ауыл жаңартылды. Бұл ретте жалпы сомасы 26,6 млрд теңгеге 366 жоба іске асырылды.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары Дамир Төлеубаев өткен жылы «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 26 ауылда 85 жоба жүзеге асқанын айтты. Бұл мақсатқа 9,8 млрд теңге қаражат бөлінген. Оның ішінде 11 жоба биыл аяқталмақ.

— Биыл «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде 15 ауылда ауқымды іс қолға алынады. Бұл ретте  жалпы сомасы 9,1 млрд теңгеге 56 жобаны іске асыру көзделуде. Мәселен, Ақсу қаласына қарасты Жолқұдық, Еңбек, Пограничник, Алғабас және Үштерек ауылдарында, Ақтоғай ауданы Қараоба ауылында, Павлодар ауданы Кемеңгер ауылында, Аққулы ауданы Қарақала ауылында, Шарбақты ауданы Шалдай ауылында дене шынықтыру кешендері салынбақ.

Ақсу қаласына қарасты Алғабас ауылы мен Екібастұз қаласына қарасты Бәйет ауылында мәдениет үйі бой көтермек. Успен ауданы Галицкое ауылында жол жөнделіп, Баянауыл ауданы Құндыкөл ауылы мен Тереңкөл ауданы Калиновка ауылында жарық беру желісі тартылады. Павлодар ауданында электрмен жабдықтау желісі қолға алынса, Тереңкөл ауданы Береговое ауылында мәдениет үйі қайта қалпына келтіріледі. Сонымен қатар, 17 әлеуметтік нысан күрделі жөндеуден өткізіледі, 22 жоба аясында ауылішілік көшелерде жөндеу жұмыстары жүргізіледі, — деді Дамир Ержанұлы.

Қазіргі уақытта 3 жоба аяқталған. Ақсу қаласы Алғабас ауылында көше жарығы күрделі жөндеуден өткен. Тереңкөл ауданы Калиновка ауылында  көшеге жарық беріліп, медициналық бөлімше қайта жаңарды. Тағы 12 жоба аяқталуға жақын. 33 жоба орындалуда. Қалған 8 жоба шілде айында басталады деп күтілуде.

«Ауыл – ел бесігі» жобасы тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтумен де тиімді. Соның аясында бүгінде 114 адам жұмыспен қамтылған. 2025 жылы жалпы саны 12,1 мың адам тұратын 15 ауылды қамту жоспарлануда. Еді мекендерді жаңарту үшін 14 млрд теңге қаражат жұмсалмақ. Қазіргі уақытта халық санын, ауыл келешегін ескере отырып жобаларды іріктеу бойынша жұмыс жүргізілуде. Ал 2026-2027 жылдары 73 ауыл қамтылмақ.

— Ауылда инфрақұрылымды жаңар-тудан басқа «Дипломмен – ауылға!» жобасы аясында елді мекендердің кадрлық әлеуетін нығайту бойынша жас мамандарды тарту бағытында жұмыс жүргізілуде. Бұл бағдарлама әлеуметтік, агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мамандарға, ауылдық округ әкімдері аппараттарының мемлекеттік қызметшілеріне тұрғын үй сатып алу немесе салу үшін көтерме жәрдемақы және бюджеттік кредит түрінде қолдау шараларын ұсынуға бағытталған. Осы жылдан бастап аудандарға жұмыс істеуге келген мамандарға бюджеттік кредит 2 500 АЕК дейін (9,2 млн теңге), ауылдық елді мекендер үшін 2 000 АЕК (7,4 млн теңге)дейін ұлғайды. Мемлекет тарапынан берілген мүмкіндікті алу үшін мамандық бойынша кемінде үш жыл жұмыс істеуі тиіс, — деді Дамир Ержанұлы.

Айдана ҚУАНЫШЕВА.