Ертең еліміздің барлық білім беру мекемесінде алғашқы қоңырау соғылып, жаңа оқу жылы басталмақ. Алайда, ауыл мектептеріндегі маман тапшылығы мәселесі әлі де күн тәртібінде өткір тұр. Бұл тақырып жақында павлодарлық педагогтердің кеңейтілген алқа отырысында да қозғалды. Аймақ басшысы Асайын Байханов елді мекендердегі шағын жинақты мектептердегі мұғалімдердің 12 пайызын зейнеткерлер құрайтынын айтып, оларды алмастыратын маман жоқ екенін мәлімдеді. Сондай-ақ, облыс әкімі осы түйткілді шешу үшін ауыл мұғалімдеріне 5 миллион теңгеге дейінгі мөлшерде біржолғы грант беру бағдарламасын іске қосуды да ұсынды. Өкінішке қарай, өңірде «Дипломмен — ауылға!» бағдарламасы да ауыз толтырып айтарлықтай нәтиже берген жоқ. Сонымен, ауыл мектептеріне мұғалім тартудың жолы қандай? Маман тапшылығы қайтсе жойылады? Бұл сұрақтарды «Алаңның» талқысына салып көрген едік.
Света АБДРАМАНОВА, облыстық мәслихат депутаты, «AMANAT» партиясының жанындағы білім және денсаулық мәселелері бойынша өңірлік кеңестің төрайымы:
— Шыны керек, өңірдегі кейбір ауыл мектептерінде маман тапшылығы мәселесі баршылық. Оны шешу үшін алдымен сол елді мекендердегі мектепке жұмыс істеуге баратын мұғалімдерге жан-жақты жағдай жасалуы керек. Яғни, оларды жайлы тұрғын үймен қамтамасыз етуден бастап, оны жылыту, таза ауызсу тарту сынды мәселесі де оңынан шешілуі тиіс. Қысқасы, ең алдымен мұғалімнің материалдық жағдайы дұрыс болуы керек. Сонда ғана біз ауылдық жерлерде педагогтерді ұстап тұра аламыз. Қаладағыдай жағдай жасалмаған соң қанша үгіттегенімізбен жас мамандар елді мекендерде еңбек етуден қашқақтайды. Барған күннің өзінде ұзақ тұрмайды. Бұл жағдай шалғай ауылдардағы оқушылардың білім сапасына кері әсерін тигізетіні сөзсіз. Сол үшін осы мәселені мемлекеттік деңгейде қарап, ауыл мектептеріне маман тартуға бағытталған арнайы мықты жоба әзірлеу керек сияқты. Жалпы, ауыл мұғалімінің жалақысы қаламен салыстырғанда едәуір жоғары. Бірақ бұл жағдай да әсер етпей тұр. Демек, «мектептің жүрегі — мұгалім» десек, ауыл балаларының болашағына алаңдауымыз қажет.
Алтын БАҚРАДЕНОВА, педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор:
— Ауыл мектебінің көсегесін ауылдан шыққан балалар ғана көгертеді. Сондықтан білім грантын иеленуге сәл-пәл ұпайы жетпеген ауылдық талапкерлер үшін ректор гранты, әкім грантының санын көбейтіп, сол арқылы оқытқан жөн деп ойлаймын. Себебі, қазіргі таңда ұлттық бірыңғай тестілеуден жоғары балл алған түлектердің басым бөлігі заңгер, ІТ сынды салаларға кетеді екен. Ал педагогиканы таңдаған балалар балы жетпей қалғандықтан мұғалімдікке түсе алмай, амалсыздан басқа мамандыққа баруда. Әрине, болашақ педагогтерге жоғары талап қойылғаны дұрыс. Бірақ жеңілдіктер де жасалып, кейін қолына диплом алған жастардың санасына «үмітімізді ақта!» деген ұранды сіңіру керек. Сонымен қатар, жастарға алғашқы еңбек жолын ауылдан бастау арқылы мол тәжі-рибе жинап, өз мамандығына деген сенімі артатынын түсіндіруіміз керек. Әсіресе, мұғалімдікке ер балаларды көбірек тартқан жөн. Өйткені, олар өзінің сол елді мекенінде шаңырақ көтеріп, ауылын көркейту үшін алаңсыз жұмыс істей береді. Ол үшін үгіт-насихат жұмыстары мен ынталандыру шаралары жақсы болуы қажет.
Айсұлу АЙДОС, Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінің 3-курс студенті:
— Ауыл мектебіне, әсіресе, шалғайдағы елді мекендерге мұғалімдерді тарту үшін алдымен оларға лайықты жағдай жасалуы тиіс. Қуантарлығы, соңғы жылдары елімізде педагог мамандардың мәртебесі көтеріліп, жалақысы да өсті. Соған қарамастан, көптеген жас мұғалімдер қолына дипломын ала салысымен, қалалық жерлерден жұмыс іздейді. Оның себебі түсінікті ғой. Жастардың өзін-өзі дамытуы үшін әрі жайлы өмір сүруі үшін үлкен мүмкіндіктер бар. Осындай жағдай ауылдарда да жасалса, ойланбастан барар еді. Мәселен, мен де ауылда өсіп-өндім. Орта мектепті «Алтын белгімен» аяқтап, грантқа оқуға түстім. Болашақта жайлы мектебі, медициналық мекемесі, мәдениет үйі бар ауылға шақырып, жақсы баспанамен қамтуға қолдау көрсетіп жатса, неге бармасқа? Ауылды көркейтуге неге үлес қоспасқа? Сондықтан ең алдымен бар назарды ауылды дамытуға бөліп, елдегі ең жақсы мектептер елді мекендерде салынса, ондағы халық та ешқайда көшпейді, мұғалімдер де кетпейді деп ойлаймын. Ал интернеті нашар, мектебі жұтаған, болашағы бұлыңғыр ауылдарға ешкім қызықпайтыны айтпаса да түсінікті.
«Алаңды» үйлестірген – Нұржайна ШОДЫР.