Бүгінгі таңда Май ауданында «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша ауқымды инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылуда. Биыл ауданда бір мезетте бірнеше ауылдық округтің кіреберіс және ауылішілік жолдарына күрделі жөндеу жүргізіліп, әлеуметтік нысандардың құрылысы қарқын алды.
Сапалы жол салынады
Ел ішінде «Елдің өркенін білгің келсе, жолыңа қара» деген қағида қалыптасқан. Себебі барыс-келіс пен алыс-берісте жол қатынасы айрықша маңызға ие. Биыл Май ауданында Ақшиман ауылына баратын тас жол жөнделді. 300-ден астам тұрғыны бар аталмыш ауылдың маңында геологиялық жұмыстарды жүргізу кезінде ауылдық округ аумағында 25 жылдық қоры бар мыс кен орындары табылған. Бүгінгі таңда табиғаты мен табиғи қазба байлығы талайды тамсандырған елді мекенде ауқымды жобалар да жүзеге асырылуда. Май ауданының әкімі Ағыбай Әміриннің айтуынша, Қызыл Октябрь – Жаңа Ақшиман жолының жобалық-сметалық құжаты әзірленген уақытта кемшіліктер анықталған. Соның салдарынан бүгінгі күні 2,6 шақырым жол қамтылмай қалды. Қазіргі таңда бұл мақсатта тағы жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде.
— Қызыл-Октябрь – Жаңа Ақшиман аудандық маңызы бар жолға асфальт төсеу 2020 жылы басталған. Оны 2025 жылға дейін аяқтау жоспарланған болатын. Облыс басшылығының қолдауының арқасында өткен жылы аталмыш елді мекенге баратын жолды жөндеу үшін қаражат толығымен бөлінді. Мердігер — «Павлодар жолдары» ЖШС жұмысты кезең-кезеңімен атқарып, кестедегі мерзімнен ерте аяқтады. Қазір су өткізгіш құбырлар орнатылып, жол белгілері қойылуда, — деді аудан әкімі Ағыбай Әмірин.
«Павлодар жолдары» ЖШС директоры Тимур Мазғұтовтың айтуынша, аудандық маңызы бар бұл автожол сонау Кеңес одағының кезінде салынған. Былтыр тиісті қаржы бөлініп, нәтижесінде биыл жол толығымен жөндеуден өтті.
— Қазір ірі түйіршікті асфальт-бетон төсеу жұмыстары жүріп жатыр. Бұл нысан 2021 жылдың қыркүйегінде басталды. Биыл қыркүйек айында тапсыруды жоспарлап отырмыз. Былтыр 15, биыл 35 шақырым жол салынды. Бұдан бөлек, ауданда республикалық маңызы бар Ленин – Ақсу – Үлкен Ақжар – Курчатов жолында күрделі жөндеу жұмыстары аяқталады. Бұл үшін қосымша 5 млрд теңге қаржы бөлінген, — деді мердігер компания басшысы.
Азаматтар тартуы
Басы ауырып, балтыры сыздаған халық дереу дәрігер көмегіне жүгінері анық. Аудан орталығына жақын дегенімен, елді мекен тұрғындары алдымен ауылдағы дәрігерлік емханаға баратыны белгілі. Алдымен ондағы медицина қызметкерлері қажетті ем-дом жасап, сырқат адамды емдеп бағады. Тек ғимараттың іші қан жылым ғана болып, ем қабылдауға келгендер өзін жайсыз сезінсе, оның кері әсер ететіні айқын. Сондықтан да Май ауданының Майтүбек ауылының тұрғындары медициналық мекеменің биыл күрделі жөндеуден өтетініне бек қуанышты. Оған қоса, ағымдағы жылы аталмыш ауылда 35 жылға жуық жөнделмеген ғимарат жаңартылады. 1989 жылы салынған ғимараттың бірінші қабатында әкімдік, учаскелік полиция инспекторының кабинеттері, мал дәрігері, пошта бөлімшесі орналасқан. Екінші қабат ардагерлер кеңесіне, кітапханаға, сонымен қатар, коворкингке берілді.
Май ауданының әкімі Ағыбай Әмірин бұл ғимаратты жөндеуге 81 млн теңге бөлінгенін, бүгінде жұмыстардың 85 пайызы орындалғанын мәлім етті.
– Ғимараттың шатыры, қасбеті дайын. Қазіргі уақытта ғимарат ішінде әктеу, әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Нысанды шілде айының басында Астана күніне дейін пайдалануға беру жоспарлануда, – деді аудан әкімі.
Сонымен қатар, биыл Май ауданы Малайсары ауылдық округінде де «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында ауқымды жұмыс атқарылды. Малайсары ауылдық округінің әкімі Қуаныш Нұрғожиннің айтуынша, ауылдың кіреберісіне жарықтандыру жүргізілген. Алдағы уақытта ауылдың ішіне тас жол салу мақсатында 85 миллион теңге бөлінген.
– Малайсары мектебінде күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. 235 миллион теңгеге жылу жүйесі ауыстырылады. Жергілікті тұрғындар да ауылдың көркеюіне үлестерін қосуда. 1975 жылы туған ауыл тұрғындары ауылдың кіреберісіне стелла орнатты. Демеушілердің қолдауымен 20 миллион теңгеге шағын футбол алаңы салынды. Ауыл ішіне 6 бейнебақылау камерасы орнатылған және қосымша 10 камера орнату жоспарланып отыр, – деді Қуаныш Нұрғожин.
Ауыл экономикасын көтеруді мақсат еткен «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Май ауданында атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар жетерлік. Бір сөзбен айтсақ, аталмыш бағдарлама шеңберінде ауылдардың жоғы түгенделіп, «жыртығы жамалып» қалатыны анық. Бастысы, бөлінген қаржы нәтижесін ауыл жұрты сезініп, оқтаудай түзу көшелер, ел игілігіне пайдаланар еңселі ғимараттар салынса жобаның өз мақсатына жеткені.
А.МҰҚЫШЕВ, Май ауданы.
Суреттерді түсірген – Валерий Бугаев.