Биыл Железин ауданы әлеуметтік-экономикалық даму тұрғысынан айтарлықтай нәтижеге қол жеткізіп отыр. 2024 жылғы 1 қарашадағы жағдайға сәйкес ауданда өнеркәсіптік өндіріс көлемі 1644,9 млн теңгені құрап, нақты көлем индексі 115,9 пайызды құрады. Ал құрылыс жұмыстарының көлемі 5634,9 млн теңгені құраса, бөлшек сауда көлемі 5 551,3 млн теңгеден асады.
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиыны барысында Железин ауданының әкімі Айтуған Шайхимов аталмыш ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы айтып, ағымдағы жылы атқарылған жұмыстарға тоқталып өтті. Айтуынша, биыл Железин ауданында 4 млрд теңге сомасына бюджет қаражаты есебінен ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Оның ішінде Железин ауылында 24 пәтерлі тұрғын үй салып, Прииртышск ауылында қазандық ғимараты бой көтерді. Бұдан басқа, Железин ауылында №2 қазандық пен аудандық аурухананың қазандығын қайта жаңарту, Прииртышск, Еңбекші және Лесной ауылдарында мәдениет үйлерін күрделі жөндеу, Лесной және Прииртышск ауылында мектептерді күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
— Аудандық маңызы бар «Железин-Веселая роща — Мыңкөл – Жолтаптық» автомобиль жолының 15 шақырымдық учаскесін және ұзындығы 4.5 шақырымды құрайтын Жолтаптық ауылына кіреберіс жолды орташа жөндеу жұмыстары аяқталды. Бұдан басқа, Еңбекші, Алакөл, Моисеевка, Ертіс және Аққайың ауылдарына кіреберіс жолдар, Еңбекші және Михайловка ауылдарындағы жалпы ұзындығы 12,4 шақырымды құрайтын ауылішілік көше жолдары жөнделді. Тас жолдан бөлек, Алакөл, Михайловка, Жаңа жұлдыз, Захаровка және Майлы ауылдарында көше жарығын жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, ағымдағы жылы Башмачное ауылындағы орталық жағажай абаттандырылып, Алакөл, Еңбекші, Есқара, Екішоқ, Лесной ауылдарында қазіргі заманғы стандарттарға сәйкес келетін 49,2 млн теңге сомаға балалар ойын алаңдары орнатылды, — деді аудан әкімі.
Сонымен қатар, Айтуған Шайхимов Железин ауданында 33 ауылдық елді мекен орналасқанын, оның 17-сі орталықтандырылған сумен қамтамасыз етілгенін жеткізді. Атап өтсек, ауданға қарасты Алакөл, Михайловка, Железин, Озерное, Лесной, Захаровка, Ақтау, Жолтаптық, Уәлиханов, Веселая роща, Прииртышск, Еңбекші, Жаңа жұлдыз, Мыңкөл, Церковное, Башмачное, Береговой ауылдарында жалпы ұзындығы 204 шақырымды құрайтын орталықтандырылған жылу желілері бар. Ал ауданның шағын ауылдарында кешенді блок-модульдер орнатылған.
— Ағымдағы жылы Есқара, Петропавловка және Моисеевка ауылдарында орталықтандырылған су құбырларының құрылысы жүзеге асырылды. Бүгінгі таңда Есқара және Петропавловка ауылдарында бұл жұмыстар аяқталса, Моисеевка ауылында су құбыры жыл соңына дейін іске қосылады, — деп толықтырды ол.
Алтынбек МҰҚЫШЕВ.