Соңғы жылдары облыстағы жүздеген ауыл «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасының игілігін көріп, елді мекендердегі инфрақұрылым толығымен жаңартылуда. Мұндай бағыттағы жұмыстар Ақсу қаласына қарасты ауылдық аймақтарда да атқарылып жатыр.
Айталық, Қызылжар ауылдық округіне қарасты елді мекендерде «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында биыл ауқымды іс қолға алынбақ. Округ әкімі Дәулет Әбілдиновтің айтуынша, әлеуметтік мекемелердің жөнделуіне баса мән берілетін болады.
— Жоспар бойынша, округке қарасты ауылдарда жүргізілуі тиіс жұмыс көп. Атап айтқанда, Сарышығанақ ауылындағы көшелерді жарықтандыру желісін жаңартып, елді мекен ішіндегі жолдарды ретке келтіру ойда бар. Сондай-ақ, бұл ауылда балалардың ойнауы үшін арнайы алаң орнатылады. Ал Суаткөл бөлімшесіне кіреберіс жолға, сол сияқты Қызылжар ауылына кіреберіс жолға асфальт төселеді. Маңызды әрі ірі жобалардың қатарында Қызылжар ауылындағы мәдени – ойын-сауық орталығы қазандығын жөндеу мен осы ауылдағы мектеп жанынан модульдік қазандық салу бар. Осы және өзге де жұмыстардың уақытылы жүргізіліп, сапалы атқарылуын бақылайтын боламыз. Бұл бағыттағы істер сәтті жүзеге асса, ауылдастарымыздың қолайлы өмір сүруіне қазіргіден де жақсы жағдай жасалмақ, — дейді ауылдық округ әкімі.
Айта кету керек, Қызылжарға қарасты ауылдарда былтыр да көп жұмыс жүргізілді. Мәселен, облыстық бюджеттен бөлінген бонустық трансферт есебінен қызылжар ауылындағы көше жолдары, жарықтандыру желісі, су тазарту станциясы жөнделді. Бөріктал, Суаткөл, Сарышығанақ ауылдарындағы су беру желілері, кешенді блок-модуль жұмысы да реттеліп, жөнделді. Осы іспетті жұмыстар биыл да жалғасын таппақ.
Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.