Ақтоғай ауданының үш ауылында әлі күнге дейін ұялы байланыс жоқ. Соның салдарынан елді мекен тұрғындарының ғаламторға қосылмақ түгілі, жақындарымен байланыс орнатуы мұңға айналған.

Жуырда Ақтоғай ауданының әкімі Қаршыға Арынов Басқамыс, Шұға, Шілікті және Барлыбай ауылдарының тұрғындарымен кездесу өткізді. Онда өткен жылдың қорытындысы шығарылып, осы жылға арналған жоспарлар ұсынылды. Ал тұрғындар әлеуметтік маңызы бар мәселелер жөнінде ұсыныс-тілектерін білдірді. Сондай өзекті мәселелердің бірі Қарасу, Балтасап және Қарабұзау ауылдарында тұрақты мобильді байланыс қамтамасыз ету болды.

Бұл мәселеге қатысты Ақтоғай аудандық экономиканың нақты секторы бөлімі басшысының орынбасары Самат Секенов түсініктеме беріп, аталған мәселе бойынша тиісті жұмыстар іске асырылып жатқанын атап өтті.

–   Ауданда жалпы 31 ауыл бар. Оның ішінде 28 ауыл ұялы байланыспен толық қамтамасыз етілген. Ал Қарасу, Балтасап, Қарабұзау ауылдарында ұялы байланыс жоқ. 2023 жылы аудан бюджеті есебінен Балтасап, Басқамыс, Жамбыл ауылдарында ұялы байланысқа арналған мұнаралар салынды. Бірақ қазіргі уақытқа дейін ұялы байланыс операторлары байланыс құралдарын орнатпады. Осы жылы аудан бюджетінен Қарабұзау ауылында мұнара орнатылады. Ал Әуелбек ауылында Tele2 операторымен ұялы байланыс станциясын орнату жоспарлануда. Бүгінде облыстық цифрлық технологиялар басқармасына жоспарларды жолдадық. Аталған басқарма операторлармен жұмысты пысықтап жатыр, — деді С.Секенов.

Айта кетейік, кейбір ауылдарда тұрғындардың саны 200-ге жетпегендіктен мұнаралар салынбаған. Ал бір-біріне жақын орналасқан ауылдарға мұнара орнатылғанымен интернет дұрыс істемей тұр. Тіпті, оңалту жұмыстары да жасалмаған.

Кездесуде талқыланған тағы басты тақырыптардың бірі жолдарды қыс мезгілінде күтіп ұстау болды. Әсіресе, аудандық маңызы бар жолдар – Ақкөл-Басқамыс және Шұға-Жолболды жолдарының жағдайы сөз болды. Тұрғындар жиын барысында осы жолдарда қарлы борандардан қозғалыстың қиын екеніне алаңдаушылық білдірді. Ал Шілікті ауылының тұрғындары көктемгі қар еріген кезде су басудың алдын алатын шұңқыр құрылысы жайлы сөз қозғады. Сонымен қатар, елді мекендердің кірме жолына қиыршық тас төсеу, спортзал мен медициналық пункт салу сияқты елеулі істер атап өтілді.

Кездесудің соңында аудан әкімдігі тарапынан тұрғындардың ұсыныс пікірлері ескеріліп, заңдылықтар аясында кезең-кезеңімен жүйелі түрде іске асырылатындығы жеткізілді.

Өз тілшіміз.