Балалар алаңы салынады

Қаз 23, 2025

Шарбақты ауданында балаларға арналған ойын алаңдары салынады деп жоспарлануда. Бұл мақсатқа жергілікті қазынадан жеті миллион теңге бөлінбек.

Аудан әкімдігінің ақпараты бойынша аталған жоба келесі жылдың алғашқы алты айында жүзеге асады деп күтілуде. Жаңадан салынатын алаңдарда балалар түрлі спорттық ойын ойнаумен қатар, бос уақытын тиімді әрі қауіпсіз өткізе алады, дейді шарбақтылықтар. Сонымен қатар, алдағы уақытта ауданды дамытуға бағытталған басқа да тың жобалар қолға алынбақ. Атап айтқанда, мұндағы «Еңбек даңқы» аллеясы жөнделіп, шамдар орнатылады. Жеңіс алаңына кіреберіс қоршау жаңартылатын болады.

Атап өтерлігі, ағымдағы жылы да көп жұмыс атқарылған. Айталық, бірқатар ауыл көшелерінің жолдары жөнделген. Сонымен қатар, Шарбақты ауылында жаңа сквер, балалар және спорт алаңы, Красиловкада балалар ойын алаңы салынған. Тұрғындар қауіпсіздігі үшін ауданда 18 бейнекамера мен облыстық полиция департаменті тарапынан 72 камера орнатылған.

Н.АҚЫТЕГІ.

Шарбақты ауданы.