Бүгінде қоғамның алдында тұрған басты міндеттердің бірі – балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың өсуіне жол бермеу. Осы аталған мәселелер Ақтоғай ауданында өткен форум барысында талқыланды.
Аудан мектептерінің жоғары сынып оқушыларын қамтыған форумда бала құқығы мен қауіпсіздігі кеңінен сөз болды. Алдымен буллинг тақырыбында дайындалған арнайы фильм көрсетілді. Онда өз қатарластары тарапынан моральдық және күштік қысым көрген оқушының өмірі суреттеледі.
Форумға облыс бойынша балалар құқығы жөніндегі өкіл Сәуле Шәкенова қатысып, балалар құқығына қатысты ақпараттармен бөлісті.
— Қазіргі уақытта елімізде әртүрлі құқық бұзушылықтар тіркеліп жатыр. Оның ішінде күш қолдану әрекеттері де бар. Бүгінде осы мәселе аясында ауқымды жобалар жүзеге асырылып жатыр. Нәтижесінде жәбірленушілер өз ойы мен өзі туралы ашық айта бастады, — дейді ол.
Жиын барысында оқушылар да сөз алып, көкейлерінде жүрген сұрақтарын қоя алды.
А.БОРАНБАЕВА.