Биыл аса құнды орман алқабы болып есептелетін «Ертіс орманы» табиғи резерватының құрылғанына 20 жыл толып отыр. Осы уақыт аралығында алқаптың көлемі артып, мұндағы өсімдіктердің, жануарлардың саны көбейді. Бұл — орманшылардың ерен еңбегінің нәтижесі. Тіпті, мұнда қызмет өтілі ғасырдан асатын табиғат жанашырларының династиялары бар.

«Ертіс орманы» табиғи резерваты 2003 жылы Шалдай және Бесқарағай орман шаруашылықтарының бірігуінен құрылған. Оның орман алқабы бірегей реликті орман мәртебесіне ие және Шарбақты, Аққулы аудандарындағы 277 961 гектар аумақты алып жатыр. Оның ішінде 160 538 гектар орманмен жабылған. Әкімшілік-шаруашылық жағынан орман резерваты Шалдай және Бесқарағай филиалдарына бөлінген. Мұнда барлығы 16 орманшылық бар. Бүгінгі таңда табиғи резерватта 307 адам штаттық, тағы 1966 адам штаттан тыс қызмет атқарады. Олардың қатарында 1500 адам маусымдық кезде еңбек етеді. Жоғарыда резерваттың құрылғанына 20 жыл толып отырғанын айттық. Сол уақыттан бүгінгі кезеңге дейін мекеме ұжымы 41510 гектар алқапта орманды қалпына келтіру, ағаш өсіру жұмыстарын жүргізді. Табиғи резерват орманшылары 1438 тонна қарағай бүршіктерін жинап, олардан бірінші кластағы 14 376 келі тұқым алды. Стандартты отырғызу материалын өсіру үшін жалпы ауданы 57 гектар болатын екі тұрақты орман тұқымбағы жұмыс істейді. Жыл сайын резерват 16 миллионнан астам стандартты отырғызу материалын өсіреді. Сонымен қатар, 2003 жылы резерват аумағында өсімдіктердің 84 түрі болса, 20 жылғы ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижесінде барлығы 226 өсімдік түрі анықталды. «Қызыл кітапқа» енгізілген жануарлар мен құстардың 7 түрі резерват ормандарында мекендейді. 2022 жылғы санақ қорытындысы бойынша, резерват аумағында бұланның саны 55-тен 190-ға, еліктер 190-нан 690-ға дейін өсті. Осы орайда табиғи резерватта 100-ден астам орманшы әулеті еңбек ететінін ерекше атап өткен жөн. Әр әулеттің орман шаруашылығындағы еңбек өтілі 100 жылдан асып жығылады. Жауапкершілігі мол, күрделі кәсіптердің бірі болып саналатын орманшының жұмысы оңай емес. Бұл қызметті тек төзімді, сабырлы, табиғатты аялай алатын адамдар ғана атқара алады. Сондай жандардың бірі – Бексұлтановтар әулеті. Әке жолын жалғаған Қадырбек Бексұлтанов бұл салада 37 жылдан астам уақыт бойы табан аудармастан жұмыс істеп келеді. Бүгінде Қадырбек Сағадатұлы — Сейтен орманшылығы бас орманшысының орынбасары.

— Мен бала кезден табиғатты қорғау саласында еңбек етуді армандадым. Баға жетпес байлыққа баланатын орманды аялауды азаматтық парызым деп білдім. Сол ойдың жетегімен 40 жылға жуық уақытымды орман-шылыққа арнадым. Осы уақыт аралығында бұл мамандықты таңдағаныма еш өкінген емеспін, — дейді ол. Қадырбек Сағадатұлының көп
жылғы еңбегі еленіп, бірнеше рет резерват басшылығының марапаттары, 2017 жылы ҚР АШМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің «Құрмет грамотасы» табысталды. Осы орманшылықта өзіне жүктелген міндетті зор жауапкершілікпен атқарып жүрген қызметкерлердің бірі — Қанат Макишев. Қанат Нұрманұлы еңбек жолын 1997 жылы Сейтен орманшылығының трактор жүргізушісі болып бастады. 2000 жылы мемлекеттік инспектор лауазымына ауыстырылды. Қазіргі уақытта орман шебері болып жұмыс атқаруда. Ол Сейтен орманшылығының аумағындағы орманның жай-күйін күн сайын бақылайды. Қарамағында 3900 гектар орман учаскесі мен 2 айналым бар. Орман шаруашылығында ерлермен иық тірестіріп еңбек етіп келе жатқан нәзік жандылар да аз емес. Жанна Байсагурова бұл саладағы алғашқы қадамын 1985 жылы Бесқарағай филиалында өрт сөндіру станциясынан бастады. 2009-2022 жылдары орман шебері жұмысын атқарды. Қазіргі уақытта аумақ қорғау инспекторы — мемлекеттік инспектор қызметін атқарады. Яғни, осы орманшылыққа қарасты 1129 гектар аумақтың қауіпсіздігіне жауап береді. Орманды қорғаумен қатар, зиянкестер мен аурулардың таралуына жол бермеу, ағаш отырғызу, көшеттерге күтім жасау сынды міндеттер де жүктелген. Орман саласы қызметкерлерінің қауіпсіз жағдайда еңбек етуі де маңызды. Бұл мәселеге баса назар аударылады. Ал қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету, қызметкерлердің денсаулығын қадағалау Бикен Тілеубердиноваға жүктелген. Бикен Сайлаубекқызы — Еңбек қорғау және техника қауіпсіздігі бойынша инженер. Өз ісін жетік білетін маман табиғи резерватта 20 жыл қызмет атқаруда. Біз білімді де білікті, тәжірибесі толысқан осындай қызметкерлерімізбен мақтанамыз. Орманды сақтау осы және өзге де мықты мамандардың қолында. Десе де, жасыл желекті жайқалту, оны қорғау барлық қоғамның жауапкершілігі екенін де ескерсе дейміз. Себебі орман – бәрімізге ортақ байлық.

 

Арайлым АТЫҒАЕВА,

«Ертіс орманы» табиғи резерватының баспасөз хатшысы.