Ауданда ауыл медицинасын жақсарту және тұрғындарды баспанамен қамту мәселесіне ерекше көңіл бөлінуде.

«Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» мемлекеттік бағдарламасы аясында Қызылағаш, Қарақұдық ауылдарында дәрігерлік пункттердің құрлысы басталған болатын.

Құрлыс жұмыстарымен мердігер «Айти Инвест» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі айналысуда. Бүгінде жұмыстың басым бөлігі аяқталған. Қазіргі уақытта нысандарда әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, Амангелді ауылдық округіне қарасты Бірсуат ауылында тамыз айында дәрігерлік амбулаторияның құрылысы басталды. Бүгінде бұл бағыттағы істі «Қайрат ЭК» ЖШС жүргізуде.

Ауданда тұрғындарын баспанамен қамту мәселесіне де көңіл бөлінуде. Ертіс ауданы әкімдігінің тапсырысымен республикалық бюджет есебінен «First National Gonstruction» ЖШС Ертіс ауылының Байсерке абыз көшесінде жалпы аумағы 4379,4 шаршы метрді құрайтын тұрғын үй құрлысын бастады. Көпқабатты үйде бір бөлмелі 9, екі бөлмелі 18, үш бөлмелі 9 пәтер болмақ. Бұл аудан бойынша баспанаға кезекте тұрған 257 адамның үй мәселесін шешуге мүмкіндік береді.

А.АСҚАРҚЫЗЫ.