Баспана қолданысқа беріледі

Жел 18, 2025

Жаңа жыл қарсаңында Ақтоғай ауданында үй кезегінде тұрған отбасылар жаңа пәтерге қоныстанбақ. Аудан орталығындағы 24 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы толық аяқталып, пайдалануға дайын.

Аудан әкімі Қаршыға Арыновтың айтуынша, маусым айында «Окей» мердігері салған бұл нысан сапалы орындалғаны үшін арнайы бағалаудан өткен. Бүгінде тұрғын үй «Отбасы банкінің» бақылауына тапсырылды.

– Қазіргі уақытта 235 адам үй кезегінде тұр. Жаңа көпқабатты үй желтоқсан айының ортасында қолданысқа беріледі. Кезектегі барлық азаматтың дерегі «Отбасы банкінің» базасында сақталған, – деді Қ.Арынов.

Екі қабатты, үш кіреберісті ғимарат заманауи талаптарға сай жабдықталған. Әр пәтер дайын санитарлық тораппен қамтамасыз етілген. Сондықтан болашақ тұрғындарға қосымша шығынданудың қажеті жоқ. Пәтерлердің төбе биіктігі аспалы төбелерді есептегенде 2,5 метрді құрайды. Баспананың ауданы 3,7 мың шаршы метрден асады.

Сонымен қатар, аудан бойынша инфрақұрылымдық жобалар да жалғасуда. Бұған дейін әкім Шолақсор ауылындағы кіреберіс жолды жөндеу және жаңа көпір салу келесі жылдың жоспарына енгізілгенін айтқан. Биыл шаруалар майлы дақылдарға басымдық беріп, нарық талабына бейімделген.

А.БОРАНБАЕВА.

Ақтоғай ауданы.