Баянауыл ауданының орталығында алғаш рет 25 метрлік бассейні бар спорт кешені мен «Пегас» жанар-жағармай станциясы ашылды. Бұрын-соңды ауданда болмаған бассейні бар сауықтыру орталығында олимпиадалық және ұлттық спорт түрлері бойынша үйірмелер жұмыс істейді. Сондай-ақ, жаңадан ашылған станцияда көліктеріне бензин құюға келген жолаушылар қонақ үйде тыныға алады. Аймақ басшысы Асайын Байханов екі нысанның ашылу салтанатына келіп, басқан қадамдарына сәттілік тіледі.
Аталмыш «Bayanaul arena» спорттық-сауықтыру кешені 650 баланы қамти алады. Яғни болашақ спорт шеберлерінің шыңдалуына мүмкіндік зор. Іске қосылған кешенде спорттың 15 түрі бойынша үйірмелер жүргізіледі. Енді олардың саны көбейе түседі.
– Осыдан екі жыл бұрын аудан балаларына уәде еткен Баянауыл арена спорт кешені ашылып отыр. Жаңа спорт кешені әлемге танымал жас майталмандарды тәрбиелейді деп үміттенемін. Бұл нысан салауатты өмір салтын насихаттап, үлкені мен кішісіне қызық пен қуаныш әкелетін орталыққа айналсын, – деді аймақ басшысы Асайын Байханов.
«Bayanaul arena» дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің директоры Асхат Жапаров соңғы жылдары қол жеткізген аудандағы спорт саласындағы жетістіктерін алға тартты. Оның ішінде волейбол ойынынан республикалық деңгейде екі жеңімпаз аудан намысын қорғаған, сондай-ақ, әлемдік байқауда бокстан жүлделі орын иеленген жастар жайлы және ұлттық, олимпиадалық ойын түрлерінен үздік 50 жаттықтырушы спорт шебері кандидатын алғанын айтты.
Ауданда тұңғыш рет ашылған бассейнде жүзумен айналысуға ниет білдірген оқушылар көп. Балалардың дене шымырлығын дамытып, жүзуге үйрететін жаттықтырушының жауапкершілігі де зор.
– Жүзумен студенттік шақтан бері айналысып келемін. Алғаш алған мамандығым техникалық салада болғанымен, спортқа деген қызығушылығым мен бейімділігім артып, дене шынықтыру мұғалімі мамандығын меңгердім. Жүзуге балаларды 7 жастан бастап қабылдаймыз. Оларды 10 топқа бөліп, кезегімен шынықтырамыз. Өзіміздің өзен-көлде жаз бойы шынығып жүрген оқушылардың жүзу қабілеттерін дамытып, сайыстарда бақтарын сынауға дайындаймыз, – дейді жүзу бойынша жаттықтырушы Нұржан Айтмағамбетов.
Осыдан бір жарым жыл бұрын кешеннің құрылысы іске қосылды. Бүгінде қолданысқа тапсырылған
көпсалалы функционалды кешенде спорттың жүзу, волейбол, баскетбол, бокс және күрес түрлері бар. Сонымен қатар, ұлттық спортты дамыту мақсатында садақ ату, тоғызқұмалақ залдарымен қамтылған.
– Кешеннің жалпы көлемі 4500 шаршы метрден асады. Құрылыс саласында жүріп, түрлі үйлерді
салғанымызбен, мұндай ғимаратты алғаш көтердік. Жоба құны 2 млрд 650 млн теңгені құрайды. Қазіргі заманға сай, еуропалық үлгідегі нысан техникалық, авторлық қадағалау бойынша сапалы, ойдағыдай орындалды деп ойлаймын, — деді бас мердігер «Гидропром» ЖШС директорының орынбасары Нұрсұлтан Мүбәрак.
Сондай-ақ, кездесу барысында аудан әкімі Ардақ Кісентаев алдағы іске асатын жоспарларымен бөлісті. Жақын арада Баянауыл жазбасы жанында көру алаңы ашылмақ. Әлеуметтік желі дамыған заманда келушілер естелікке суретке түсіп, Баянауыл баурайының көрікті жерімен көпшілікпен бөлісе алады. Одан бөлек, мұражай алаңы кеңейіп, жеті ауқымды туристік жоба іске асатынын айтты.
Аудан тұрғындарының сұранысы бойынша «Пегас» жанар-жағармай станциясы ашылды. Бұл көпсалалы кешен жанармай материалдарымен қамтамасыз етумен қатар, сауда-саттық нүктесі ретінде қызмет көрсетпек. Сондай-ақ, алыс сапарға шыққан жолаушыларға арнайы демалыс орындары жабдықталған.
– Ұлттық құрылтай кезінде Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуеті жоғары туризм аймақтарын экономиканың негізі деп дамыту бойынша тапсырма берген. Осы бағытта ірі инвестициялық жоба ауданға тартылды. Осындай туристік аймақта ауданымыздың жол сервисі заман талабына сай қызмет көрсетуге дайын. Мұнда қонақ үй, асхана, мини-маркет орналастырылған. Жаңа нысанның ашылуы нәтижесінде 30 адам жұмыспен қамтылып отыр, – деді аудан әкімі Ардақ Кісентаев.
Айта кетейік, спорт кешенінің ашылу салтанаты барысында ауданның Құрметті азаматы ардагер Теміртай Ізбастин мен халықаралық туризм және меймандостық университетінің қолдауымен аудан түлектері – Аружан Амантай және Дамир Такишевке арнайы білім беру гранттары табысталды.
Салтанат ҒАББАС.
Баянауыл ауданы.
Суреттерді түсірген — Валерий Бугаев.