Жақында Баянауылдық бір топ оқушы Астанаға аттанған болатын. Олар Ақмола облысының Зеренді ауылындағы «Парус» жазғы сауықтыру лагерінде көңілді демалуда.
Облыстық білім беру басқармасының ақпараты бойынша, баянауылдық 24 балаға «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен жолдама берілген. Жеткіншектер сауықтыру лагерінде 10 күн бойы демалмақ.
— Бұл демалыс орнына аттанған оқушылардың қатарында оқу озаттары мен көпбалалы отбасының балалары бар. Үлгілі тәртібімен және білімімен көзге түскен, сондай-ақ, түрлі додада жетістіктерге жеткен балалар іріктеліп жіберілді, — дейді облыстық білім беру басқармасының өкілдері.
Атап өтерлігі, заманауи үлгідегі аталмыш лагерьде балалардың демалысын қызықты әрі мазмұнды өткізуі үшін барлық жағдай жасалған. Әр күн сайын оқушылар үшін танымдық іс-шаралар, спорттық ойындар, мәдени бағдарламалар ұйымдастырылуда.
Н.ШОДЫР.