Баянауыл аудандында биыл бірқатар ірі жобалар жүзеге асып, ілкімді істер қолға алынуда. Ағымдағы жылдың алғашқы 5 айының қорытындысы бойынша өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері 100 пайыздан асыра орындалған екен. Қуантарлық жаңалық!
«Талбесік» бетінің бүгінгі нөмірінде ауданның әр саласында атқарылып жатқан жұмыстар мен игі бастамалар жайлы сөз еткенді жөн көрдік.
Көрсеткіш көңіл көншітеді
Баянауыл ауданының әкімі Ардақ Кісентаевтың айтуынша, осы жылдың 5 айының қорытындысы бойынша өңірдің әлеуметтік-эконо-микалық даму көрсеткіштері арты-ғымен орындалған. Мәселен, өнер-кәсіп мекемелері жыл басынан бері 21 396,6 млн тенгенің өнімін өндіріп, жоғары нәтиже көрсеткен. Сондай-ақ, құрылыс жұмыстарының көлемі 1 835,2 млн теңгені құрап, 112% жүзеге асқан. Ал бөлшек тауар айналымы 100,3%-ды құраса, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру көлемі 101% орындалған.
Жалпы, биыл аудан бойынша 44 жоба қанат қақпақ. Бұл бағыттағы жұмыстарға қазынадан 11 млрд теңгеден астам қаражат қарастырылған.
Сонымен, биыл жүзеге асып жатқан жұмыстарға тоқталар болсақ, сумен жабдықтау бойынша 3 жоба қолға алынып, Ж.Аймауытов, Шонай және Шоманкөл ауылдарында барлығы 3 млрд 463,4 млн теңгені құрайтын су құбырының құрылысы жүргізілуде. Қазіргі таңда темірбетон сақиналар мен құбыр материалдары жеткізіліп, арнайы техникалар жұмыс істеуде. Аудан басшысы бұл жұмыстар аяқталған соң баянауылдықтарды таза ауызсумен қамту көрсеткіші 98%-ды құрайтынын айтады.
Өңірде жол жөндеу жұмыстарына да басымдық берілуде. Ағымдағы жылы Баянауылда 10 жоба жүзеге асады деп жоспарлануда.
— Аудандық маңызы бар және ауылішілік жолдардың жалпы ұзындығы 670,7 шақырымды құрайды. Оның ішінде республи-калық маңызы бар 181 шақырым, облысқа қарасты 62 км, ауданішілік 325 км және 102,7 шақырым көше жолдары бар. Жолдардың 8 бағытын орташа жөндеуге облыс бюджетінен 2 372,9 млн теңге қаражат бөлініп, мердігерлермен жұмыс жүргізілуде. Сонымен қатар, Баянауыл ауылының 8,5 шақырым ішкі жолдарын орташа жөндеуге 349,5 млн теңге, Жаяу Мұса — Жасыбай айналма жолын жөндеуге 54,8 млн теңгеге келісімшарттар жасалды. Жаңатілек ауылындағы 4,7 шақырым ішкі жолдар да күрделі жөндеуден өтуде. Былтыр Қаражар ауылындағы жолды тиісті деңгейде істей алмаған мердігермен келісімшарт бұзылып, сот шешімі шыққан болатын. Сол жолды биыл басқа мердігер алып, күрделі жөндеу жұмыстары аяқталып қалды, — деп атап өтті аудан әкімі. Оның айтуынша, бұдан бөлек облыс және аудан бюджетінен қосымша қарастырылған қаржыға Жасыбай демалыс аймағы мен Баянауыл ауылындағы жолдар жаңартылуда.
Жобалар жоспарға сай
Сөз басында айтқанымыздай, ел игілігі үшін өңірде бірқатар жаңа жобалар жүзеге асуда. Атап айтар болсақ, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Жаңатілек ауылында 3 жоба қолға алынуда. Бұл мақсатқа бюджеттен 716,2 млн теңге бөлінген. Қазіргі таңда аталмыш елді мекенде дене шынықтыру кешені бой көтеруде. Бұдан бөлек, ауылішілік жолдарға күрделі жөндеу жүргізіліп, 4,7 шақырым жолға толығымен асфальт жамылғысы төселді. Сонымен қатар, көше жарығын орнату жұмыстары жалғасуда. Бүгінде жарықтандыру желісі бойынша 300 бетон тірек қойылып, 250 шам орнатылған.
Ерекше атап өтерлігі, осы жылы 393,7 млн теңгенің бонустық трансферті есебінен 5 жоба қанат қақты. Соларға тоқталар болсақ, Ж.Аймауытов ауылында жалпы құны 12,1 млн теңгеге балалар ойын алаңы салынып, пайдалануға берілді. Баянауыл ауылындағы Сабындыкөл көлінің жағажай аймағына кіре берісті аббатандыруға 113,7 млн теңге жұмсалды. Қазіргі таңда жұмыстар үздіксіз жалғасуда. Қаратомар ауылына көше жарығын орнату үшін 45,7 млн теңге бөлініп, қажетті материалдар әкелінуде. Сонымен қатар, Майқайың кентінің көшелеріне тротуар салуға 158,3 млн теңге қарастырылды.
Аудан әкімі, сондай-ақ, абаттандыру жұмыстары үшін облыстық бюджеттен 600,4 млн теңгенің
3 жобасы қолға алынып жатқанын мәлім етті.
— Баянауыл ауылында көше жарығын салуға 184,2 млн теңге қарастырылды. Мердігер осы жылдың 1 шілдесінен бастап іске кіріседі. Әскери шақыру пунктін салуға 338,9 млн теңге бөлініп, бүгінде жұмыс қызу басталып кетті. Қарашоқы аулында 2,5 шақырым көше жарағын салуға 45,6 млн теңге бағытталып, құрылыс материалдарын сатып алу, тіректер орнату жұмыстары жүргізілуде, — деді Ардақ Кісентаев. Оның сөзіне қарағанда, аудандық бюджеттен де 5 жоба үшін 116,7 млн теңге қарастырылған. Аталмыш жобалардың қатарында Баянауыл ауылы мен Жасыбай демалыс аймағына 400 дана көше шамдарын орнату, Баянауыл ауылындағы көшелерге тротуар салу, Сәтбаев және Әбілғазин көшелеріндегі балалар алаңдарын жөндеу, Абай көшесіне балалар ойын алаңын және Айтпақин көшесіне автобус павильонын орнату жұмыстары біртіндеп іске асуда.
Әлеуметтік сала әлеуеті
Ауданның әлеуметтік саласында да толағай жұмыстар атқарылып жатқанын атап өткен жөн. Әсіресе, білім беру, мәдениет, спорт, денсаулық сақтау салаларында іргелі жобалар жүзеге асуда. Атап айтар болсақ, бүгінде өңірге қарасты үш елді мекендегі мектептерге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл мақсатқа қазынадан 1 253,4 млн теңге қарастырылған. Нәтижесінде, Егіндібұлақ жалпы орта білім беру мектебінің электр сымдары ауыстырылып, төбесі мен едендері жөнделуде. Ал Ш.Айманов атындағы білім беру мекемесінің жылыту жүйесі, есіктері мен едендері жаңартылып, әрлеу жұмыстары жүргізілсе, №2 Майқайың мектебінде де күрделі жөндеу жұмыстары үздіксіз жалғасуда.
Мәдениет саласында 52,9 млн теңгені құрайтын 3 үлкен жоба қолға алынуда. Оның ішінде аудандық бюджеттен Қаратомар және Ж.Аймауытов ауылындағы ауылдық клубқа ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілсе, С.Торайғыров атындағы мәдениет үйіне автобус сатып алу үшін 45 млн теңге бөлінген.
Денсаулық сақтау саласына тоқталар болсақ, 385,2 млн теңге тұратын 2 жоба жүзеге асуда. Айталық, ағымдағы жылы Майқайың емханасына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, жалпы құны 116,4 млн теңгеге медициналық құралдар сатып алынуда. Оның ішінде рентген, ультрадыбыстық зерттеу аппараттары, бейнекольпоскоп, гинекологиялық кресло, ларингоскоп, автоматты биохимиялық анализатор, қандағы газдар мен электролиттерді анықтауға арналған құрылғы және басқа да медициналық заманауи құрал-жабдықтар бар екенін атап өткен жөн.
Ауданның спорт саласында да алға басу бар. Ағымдағы жылы облыстық бюджеттен дене шынықтыру кешенінің құрылысын аяқтауға 1 055,4 млн теңге бөлінген.
— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың өмір сүру сапасын жақсарту және жастардың салауатты өмір салтын ұстануы – басты міндеттердің бірі екенін айтқан болатын. Осы орайда біз де аудан тұрғындарының спортпен айналысуына қолдан келгенше мүмкіндік жасаудамыз. Жақында аймақ басшысы Асайын Байхановтың қатысуымен заманауи спорт кешенінің іске қосылуы соның дәлеліндей. Жалпы аумағы 4,5 мың шаршы метрден асатын спорт ғимаратының ерекшелігі басым. Мұнда құйылмалы 25х11 көлемді 4 жолақты жүзу бассейні, бокс, күрес, волейбол, баскетбол, үстел теннисі, садақ ату залдарымен қатар, футбол алаңы да жабдықталған. Кешен ауыл тұрғын-дарына қолжетімді болады, — дейді аудан әкімі.
Сонымен қатар, аудандық бюджет қаржысы есебінен Құндыкөл ауылына шағын футбол алаңы салынса, Жаңатілек ауылындағы футбол алаңына ағымдағы жөндеу жүргізілуде.
Осылайша, Баянауыл ауданында ауқымды жобалар мен ел сүйсінерліктей игі істер қолға алынуда. Өңір басшысы бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таба беретінін айтады. Бастысы, алыстағы ағайын ауданда атқарылып жатқан айшықты іс-шараларға дән риза.
Нұржайна ШОДЫР, Баянауыл ауданы.