Бағдарламаның бергені

Қар 20, 2025

Тереңкөл ауданының Песчан ауылдық округінде биыл оң өзгеріс көп. Нақтысы, ауылдық елді мекенде он көшенің жолына орташа жөндеу жүргізілді. Ауылішілік барлығы 6,6 шақырымдық жол ретке келтірілген. Одан бөлек, 139 жарықшам орнатылды.

Песчан ауылдық округінің әкімі Серік Алекпаровтың айтуынша, бұл игілікті істердің барлығы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында атқарылуда. Әкімдік мәліметінше, Қақабаев, Асаев, Котельный, Шоссейный, Абай, Бірлік, Гагарин, Абылқайыров, Куйбышев, Садовый көшелерінің тұрғындары енді асфальтті жолмен қатынайды. Жөндеу жұмыстарын «Асфальтбетон» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізген. Қаражаттың бір бөлігі республикалық, тағы бір бөлігі облыстық қазынадан бөлінген. Жалпы, ауыл көшелеріне асфальт төсеуге 312 млн теңге бағытталған.

Ауылда тас жол төсеумен қатар көшелерді жарықтандыру жұмыстары да ағымдағы жылы атқарылған. Мұнда көше жарығының 139 тірегі орнатылған. Бұл жұмыстармен «Хлебстрой» ЖШС мердігерлік ұйымы айналысқан.
Сонымен қатар, бағдарлама шеңберінде балабақша күрделі жөндеуден өткен. №2 мектептің бірінші қабаты мен спорт залына ағымдық жөндеу жүргізілген. Дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы басталды. Екі жылдық жоба келесі жылы қолданысқа беріледі деп күтілуде.

Г.МАҒЖАН.

Тереңкөл ауданы.