Жаңа жыл мерекесі жақындаған сайын қылқан жапырақты жас ағаштарға қауіп төнетіні белгілі. Бұған жол бермеу мақсатында ор- маншылар бақылауды күшейтті.
Қазіргі таңда Шарбақтыдағы Сейтен орманшылығында бас орманшы Саян Мұқатайұлының басшылығымен ұйымдас-тырылған күзет тәулік бойы жұмыс істеуде. Бекетте мамандарға барлық жағдай жасалған. Радиобайланыс және телефон қызметтері іске қосылған. Мұндағы орманшылар өткен-кеткен автокөліктерді жіті тексеріп, арнайы журналға тіркеуде. Мамандардың айтуынша, қылқан жапырақты жас ағаштарды жойған немесе бүлдірген адамдарға заң бойынша қылмыстық іс қозғалып, бір данасы үшін 150 АЕК (517500 теңге) мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынады. Жалпы, қарағайларды өз бетімен кесуге мүлдем рұқсат жоқ. Сондықтан резерват өкілдері тұрғындарды табиғатты қорғауға шақыруда. Егер сіз шыршаларды заңсыз кесудің куәгері болсаңыз, (87182)78-77-32, (87182)78-77-32 немесе 102 телефон нөміріне хабарлауыңызға болады, дейді орманшылар.
Н.АҚЫТЕГІ.