Бесінші кезең басталды

Қыр 11, 2025

Ақсу қаласында жыл сайын «Tugan Qala» жобасы дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді. Сол арқылы қала тұрғындары инфрақұрылымды дамыту мен қоғамдық маңызды шараларды өткізуге қатысты ұсыныстарын білдіріп, жобаларын сәтті іске асыруда.

Ақсу қаласында бұл жоба ERG компаниясының қолдауымен 2021 жылы бастау алды. Сол уақыттан бері жыл сайын шаһар тұрғындарының жобаларын қабылдап, қарастырып келеді. Биыл бесінші кезең 29 тамызда басталып, 28 қыркүйекке дейін жалғасады. Осы уақыт аралығында әр адам tugan-qala.kz порталына жобасын жолдай алады.
Таяуда Ақсу қаласының әкімі Болатбек Шәріпов баспасөз мәслихаты барысында жобаның маңыздылығына тоқталып, ережелерді атап өтті. Мәселен, инфрақұрылымдық бастамалар үшін ең жоғары сома 15 млн теңге, қоғам-
дық іс-шараларға 5 млн теңге болмақ.
— Жобалар аумақты абаттандыру және көгалдандыру, көше жарықтандыруын орнату, балалар және спорт алаңдарын, жаяу жүргіншілер аймақтарын, арт-нысандар құру, қаланы дамытуға ықпал ететін мәдени, спорттық, экологиялық және басқа да іс-шараларды ұйымдастыру бағыттарын қамтуы тиіс. Қала тұрғындарын «Tugan Qala» жобасының жаңа кезеңіне белсенді қатысып, Ақсудың дамуына өз үлесін қосуға шақырамыз, — деді шаһар басшысы.

Қ.ТІЛЕКТЕСҚЫЗЫ.