Ауданда 25 мектеп, 2 қосымша білім беру мекемесі және 3 балабақша бар. Биыл аталған ұйымдардың бесеуіне жаңа жылу қазандықтары орнатылған.
Осылайша, пайдалану мерзімі өткен Тілеубай, Қоржынкөл, Фрументьевка, Жаңабет ауылдық мектептері мен аудан орталығындағы Оқушылар үйі жаңа қазандықпен жылытылады. Аудандық білім беру бөлімінің басшысы Жайнат Билялованың мәлімдеуінше, қазіргі таңда барлық білім мекемелері алдағы жылыту маусымына дайын. Жалпы, аудандағы
30 білім беру мекемесінің екеуі электрмен жылытылса, аудан орталығындағы үш мектеп сенімгерлік басқаруға берілген.
Білім беру бөлімі қалған 23 мектептің оқушылары қыста жылусыз қалмауына жауапты. Бөлім басшысының сөзіне сенсек, барлық қазандықтар ағымдық жөндеу жүргізілген. Жылу жүйелері шайылып, сынақтан өткізілген. Сондай-ақ, қазандықтарға жыл сайынғы энергетикалық сараптама да алыныпты. Тілеубей, Қоржынкөл ауылдары мектептері қазандықтарының мұржасы ауыстырылған. Жаңабет ауылында мектеп мұржасына жөндеу жүргізіліпті.
Тереңкөл ауданының мектептерін жылытуға жалпы көлемі 6100 тонна қатты отын қажет. Бүгінде конкурс өткізіліп, көмірді жеткізетін мердігерлермен келісімшарт жасалған. Қыркүйектен бастап шартқа сәйкес фирмалар қатты отынды тасымалдай бастауы тиіс.
Г.ТҮГЕЛБАЙ.