Бес мың көшет отырғызды

Мам 22, 2025

Ақсу қаласында кең ауқымды экологиялық акция өтті. Соның барысында көшеттер отырғызылып, шағын шаһарды көгал-дандыруға ерекше көңіл бөлінді.

«Таза Қазақстан» акциясы аясында ұйымдастырылған шара қаланың экологиялық жағдайын жақсартуға бағытталды. Мұндағы әр түрлі аумақта, оның ішінде эко-технологиялық орталық, №14 және 15 шағын аудандар маңында шыршаның 5 мың көшеті отырғызылды. Шараға бір мыңнан астам адам қатысты. Олардың қатарында қалалық жеке бөлімдердің қызметкерлері, коммуналдық қызмет өкілдері, екі ірі өндірістік компания – Ақсу ферроқорытпа зауыты мен Еуразиялық энергетикалық корпорация мамандары бар. Сонымен қатар, акцияға қаланың жастары – екі колледж студенттері, Жастар бастамаларын дамыту орталығының белсенділері қосылды.

Жергілікті билік экологиялық акция қаланы көріктендіруде маңызды рөл атқарып қана қоймай, жас ұрпақты қоршаған ортаны қорғауға баулуымен де ерекше екенін атап өтті.

Қ.ТІЛЕКТЕСҚЫЗЫ.