Ертіс ауылының тұрғыны Ботагөз Карашина — үйде отырып, кәсібін дөңгелетіп отырған көпбалалы ана. Қыздарының тәрбиесіне ерекше мән беруі үшін қызметінен өз еркімен босап, жеке кәсіппен айналысуды қолға алған. Кәсіпкердің бағын мемлекеттік «Бастау» жобасы ашып отыр.

Төрт қыздың анасы бухгалтер болып жұмыс істеген. Кенжесін өмірге әкелгеннен кейін жұмысқа байланысты балаларына көп көңіл бөле алмаған. Сондықтан қыздарының тәрбиесімен айналысу үшін жеке кәсіп ашуға бет бұрады.

— Жұмыстан кетемін деп жүрген уақытта әріптестерімнен «Бастау» жобасы туралы естідім. Бағымды сынап көргім келді. Қолымнан ас әзірлеу келетіндіктен, осы бағытта бизнес жоспар жаздым. Кәсіпкерлік негіздері бойынша арнайы оқудан өттім. Комиссия мүшелерінің шешімі бойынша менің жобам грантқа лайық деп танылды. Сөйтіп мемлекеттен 1 млн 380 мың теңге қайтарымсыз негізде грант ұтып алдым, — дейді Б.Карашина.

Кәсіпкер ұтып алған қаражатқа 3 тоңазытқыш және бір стол сатып алған. Бүгінде ол ауыл тұрғындарына түрлі торттар мен пирогтарды пісіреді. Сонымен қатар, жартылай дайын тағамдарды әзірлейді. Әсіресе, Ботагөздің тұшпарасы мен мантысына сұраныс өте жоғары.

— Тапсырыс күн сайын түседі. Барлық тағамды жалғыз әзірлеймін. Үлкен қыздарым қолғабыс етеді. Аудан орталығындағы бір дүкенмен тығыз жұмыс істеймін. Тортқа, жартылай дайын тағамдарға тапсырыс өте көп қабылданады. Манты, тұшпара, қырыққабат орамдарының келісі – 2500 теңге, вареникидің келісі – 1200 теңге, торттың келісі – 5000 теңге, пирогтың келісі – 3500 теңгеден сатылады, — дейді кәсіпкер.

Ботагөз Карашина әу баста ауылдағы бір ғимаратты жалдап тұрған. Қазіргі уақытта жұмыс орнын ауыстырып, өзге ғимаратта жөндеу жұмыстарын жүргізуде. Алдағы уақытта 3 адамды жұмысқа алуды көздеп отыр.

— Қазір аудандағы дүкендер менімен жұмыс істеуге ұсыныс тастауда. Бір өзім болғандықтан үлгермеймін. Сондықтан әзірге тек бір дүкенге өнімдерімді тапсырамын. Тұрақты тұтынушыларым көп. Осындай мүмкіндік берген мемлекеттің «Бастау» жобасына шексіз алғысымды білдіремін. Қазір кәсіп ашамын деген адамға тек ынта керек. Егер мемлекет маған 1 млн теңгеден астам қаражат бермесе, мен бұл кәсіпті аша алмас едім. Оның үстіне аталған соманы қайтармаймын. Бұл тамаша мүмкіндік. Жеке бизнес ашқысы келетін достарымды осы жобаға қатысуға шақырамын. Бизнес жоспар құрудан, кеңес алудан, оқудан, құжаттардың көптігінен қорықпай, тәуекел ете білу керек. Сонда ғана алға қойған мақсатқа жетуге болады, — дейді Б.Карашина.

Атап өтерлігі, көпбалалы ананың жеке кәсіп ашқанына бір жыл толған. Бүгінде ол ай сайын орташа есеппен 800 мың теңге табыс тауып отырғанын айтты. Осыдан-ақ, «Бастау» жобасы Ботагөздің бағын ашқанын анық көреміз. Кәсіпкердің ісіне береке тілейміз.

Айдана ҚУАНЫШЕВА.