Биыл ауданның 78 оқушысы «Қазақстан халқына» қоры мен ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің атынан Бурабай мен Баянауылдағы лагерьлерде тынығу мүмкіндігіне ие болды. Бүгінде 34 оқушы Баянауыл ауданындағы «Жасдәурен» лагерінде демалып келген.

Ал қалған 44 бала өткен аптада Бурабайдағы лагерьге аттанды. Айта кету керек, мұндай демалыс ауданның оқу озаттары, түрлі зияткерлік байқаулардың, спорт, өнер жарыстарының жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне бұйырды.

Аудандық білім беру бөлімінің мәліметінше, жазда 1-10-сыныпта оқитын 3029 оқушыны жазғы демалыс және сауықтыру шараларымен қамту көзделген. Мектеп жанынан 24 лагерь жұмыс істеген. Оларда 1215 оқушы демалыспен қамтылған. 1792 оқушы 25 бағдарлы лагерьде күндерін пайдалы іске арнапты. Қоржынкөл ауылының мектебінің 20 оқушысы палаткада тынықса, Ынталы ауылдық мектебінің 12 шәкірті киіз үйде демалу мүмкіндігіне ие болды. Ата-аналардың есебінен Астана, Алматы, Семей, Павлодар қалаларына, Баянауылға туристік турлар ұйымдастыру жоспарланған.

Жоғары сынып оқушыларына кәсіби бағдарлау мақсатында фермерлік шаруашылықтармен келісім жасалған. 123 оқушы еңбекпен қамтылды.

 

Г.МАҒЖАН.