Облыс пен көршілес өңір тұрғындары арасында кезінде кеңінен танымал болған «Қызылжар-Құс» өнімдері нарыққа қайта шығарылады. Бұрынғы инвестор бұл кәсіпті ары қарай дамытуға қауқарсыз болғандықтан Ақсу қаласына қарасты ауылдағы тұтас ірі цех бірнеше жыл бойы тұралап қалған-ды. Былтыр мұнда жаңа инвестор келіп, бір жылға жетер-жетпес уақытта шаруаны қайта ширатып әкетті.
«Қызылжар-Құс» атауымен танымал тауық еті өнімдері осыдан бірнеше жыл бойы дүкен сөрелерінен алынды. Бұған дейін облыстағы барлық дерлік сауда орнының сөресінен оңай табуға болатын жергілікті өнім бір уақытта сап жоғалды. Оның себебі – кәсіпорынды жаңғырту жұмыстары. Атап айтқанда, бұрынғы инвестор құс фабрикасын жаңартатынын алға тартып, сондағы жұмысшылардың денін таратып, бір жылдан соң жаңғыртудан өткен кәсіпорынды ашуға уәде еткенімен, олай болмай шықты. Салдарынан бірнеше жыл бойы жергілікті фабрикада еңбек еткен 100-ге жуық адам көршілес елді мекендерден жұмыс іздеуге мәжбүр болды. Ал аймақтағы тауық еті өнімдерін шығаратын жалғыз фабрика сол күйі жабылып қалды.
Араға бірнеше жыл салып құс өсіру, оның етін өңдеуге ниетті инвестор табылды. Астаналық компания бұған дейін бас қалада, басқа да бірнеше өңірде көбіне қой, ірі қара, жылқы өсіріп, олардың етін өңдеп, сатумен айналысса, алғаш рет құс өндірісін Қызылжарда бастауды құп көрді. Сөйтіп, өткен жылдың маусым айында бұрынғы фабриканың ғимаратын сатып алды.
— «Қызылжар-Құс» — тұтынушы-ларға бұрыннан белгілі бренд. Ақсу қаласына қарасты бұл ауылды атағанда да дәл осы фабриканың атауы бірінші еске оралады. Сондықтан «KZ» деп қана қосып, жаңа кәсіпорынды «Қызылжар-Құс KZ» деп атадық. Сауда таңбасы да сақталды. Атауы, жалпы алғанда, бұрынғыдай қалғанымен ішкі технология, құрал-жабдықтар, тіпті инженерлік желілерге дейін –
барлығы толығымен жаңартылды. Нидерланды, Түркия, Германиядан озық технологиялы қондырғылар жеткізілді, — дейді кәсіпорынның атқарушы директоры Ермек Рахимов.
Өткен аптада ғана мұнда Қарағандыдан 57 мың дана жұмыртқа сатып алынып, инкубаторға салынды. Енді шамамен 20 күн дересінде құсқораға ауыстырылады. Бұл жерде 40 күндей қарауда болады. Мамандар тиісті жем-азық беріп, баптайды. Содан соң нарыққа жөнелтуге дайын болады. Сөйтіп, шамамен алғанда сәуір айының алғашқы күндері жергілікті нарыққа өз өңірімізде өндірілген тауық өнімдері жол тартады.
— Бастапқыда дүкен сөрелеріне салқындатылған құс етін орналас-тыратын ойымыз бар. Одан соң маринадталған, қаптамаға салынған түрлерін де шығаруды жоспарлап отырмыз. Негізгі басымдық, әрине, облыс нарығына беріледі. Бірінші кезекте аймақтағы сауда орындарына жеткізіледі. Астана қаласының тұтынушыларына да павлодарлық өнімді ұсынамыз. Бас қаладағы компанияның фирмалық дүкендерінде «Қызылжар-Құс» болады, — дейді атқарушы директор.
Жаңа фабрика әзірше 4,5 мың тонналық қуаттылықпен істі бастамақ. Кейін жылына өнім көлемін 10 мың тоннаға дейін жеткізу межесін белгіледі. Ол үшін жазғы уақытта құс ұстауға арналған қосымша нысандар салып, кәсіп аясын одан ары кеңейтпек.
Атап өтерлігі, бұрынғы фабрика басшылығы қызмет-керлердің барлығын «таратып» жіберсе, қайта құрылған құс етін өңдеу орнында қазірдің өзінде 120 адамға тұрақты жұмыс табылды. Алдағы уақытта жұмысшылар санын 300 адамға дейін арттыру жоспарланған. Қызылжар ауылымен қатар, көршілес елді мекеннің азаматтары да кәсіпорында еңбек етуге ниет білдіріп жатқан көрінеді.
— Қазіргі уақытта Павлодар облысында құс етін өңдеп, одан жартылай дайын өнімдер шығаратын ірі кәсіпорын жоқ. Сондықтан тұтынушылар өзге аймақ, тіпті шетелдік тауарларды таңдайды. Біздің мақсат – жергілікті тұрғындарға сапалы әрі бағасы қолжетімді өз өнімімізді ұсыну. Оның алуандығы, дәмі бұрынғыдан артық болмаса, кем түспеуі тиіс. Осы мақсатта еңбек етіп жатырмыз. Көктемде алғашқы өнім дүкен сөрелерінен орын алған кезде халық атқарылған жұмыстың бағасын берер, — деп түйіндеді Е.Рахимов.
«Қызылжар-Құс» атауымен танымал тауық өнімдерінің қайта өндірілуі тек нарыққа емес, жергілікті жұртшылыққа, өңірдің экономикалық жағдайына да оң әсер етері анық. Тұрғындар тұрақты табыс алатын болса, қазынаға қосымша салық, міндетті төлемдер түседі. Осындай өңдеу орындары өңірде көптеп ашылса, ауылдың тұрмыс-тіршілігі де айтарлықтай жақсаратын еді.
Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.