2025 жылдың жаз мезгілі Павлодар ауданының Ефремовка ауылының тұрғындары үшін жағымды жаңалықтарға толы болды. Жыл басынан бері бірнеше ірі жоба қолға алынып, тұрғындардың тұрмыс-тіршілігін жақсарту, жастардың бос уақытын тиімді өткізу бағытында жұмыстар атқарылуда.
Ефремовка ауылдық округінің әкімі Ғапу Сапаржанның айтуынша, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында ауылішілік бес көше орташа жөндеуден өткен. Қазіргі таңда жұмыстар толығымен аяқталып, барлық сараптамалық комиссияның қарауынан оң бағасын алған.
— Сонымен қатар, ауылымыздағы мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Жұмыстар уақытында жүргізілуде. Бұл – ауыл тұрғындарының мәдени-рухани өмірі үшін маңызды болып отыр. Жөндеу жұмысы ойдағыдай аяқталып, уақытында тапсырылатын болса, жастармен және ауыл үлкендерінің қатысуымен түрлі мәдени жобалар жасалатын болады, — дейді Ғапу Сапаржан.
Одан бөлек, ауылда аудан әкімінің тапсырмасы бойынша екі пәтерлі екі үй салу жоспарланған. Жақында аталған әлеуметтік тұрғын үйлердің құрылысы басталып, жұмыстар қарқын ала бастаған. Ауылда бой көтерген жаңа баспаналардың кілттері үй кезегінде тұрған тұрғындарға берілетін болады.
Тілеуберді САХАБА.