Мемлекет басшысы Жолдауында Үкіметке 2025 жылға дейін бүлдіршіндердің балабақшамен қамтылуын 100 пайызға жеткізуді тапсырған еді. Өйткені «балам – болашағым» деген елдің сәбилері алаңсыз балғын шақтың бал дәмін сезініп, жайлы өмір сүруі тиіс. Президенттің тапсырмасын орындауда Павлодар ауданында айтарлықтай жұмыстар атқарылып, ауқымды жобалар іске асуда. Мәселен, бүгінгі таңда Рождественка ауылдық округіне қарасты Розовка ауылындағы орталық балабақша күрделі жөндеуден өтуде.

Бүгінде аталмыш балабақшада 60-тан астам бүлдіршін бар. Жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін тағы қосымша топ жасақтау жоспарда
бар. Балабақша меңгерушісі
Гүлшәкар Әбдірахманованың айтуынша, нысан екі бөліктен тұрады. Бірінші бөлігі 1972 жылы салынған, екінші бөлігі 1980 жылы тұрғызылған. Екі бөліктен тұратын екі қабатты аталмыш мектепке дейінгі білім беру мекемесіне жөндеу жұмыстарын «ИнвестСтрой» ЖШС ұйымы жасауда. Бұл мақсатта ел қазынасынан 103 млн теңгеден астам қаражат
бөлінді.

– Осы уақытқа дейін бұл балабақшаға осындай ауқымды күрделі жөндеу жұмыстары жүргі-зілген жоқ. Биыл мемлекеттік бағдарламалардың игілігін біз де көрудеміз, яғни балғындардың ордасы күрделі жөндеуден өтуде. Бөбек-жайды мүлдем жөндеу көрмеген деп айтуға болмайды әрине, ағымдағы жөндеу жұмыстары өтіп тұрды. Ал бұл жөндеу жұмыстары барысында барлық жылу жүйелері жаңартылады. Одан да бөлек, қосымша кәріз құбырлары толық жаңартылып, электр жүйесі де ауыстырылады. Барлық жұмыстар ғимараттың 1972 жылы салынған корпусында өтуде. Мердігер компанияның жөндеу жұмыстарын сапалы әрі уақытылы жүргізуін қадағалаудамыз. Сонымен қатар, бейнебақылау камералары бұрын болмаған бөлмелерге орнатылады. Бұл жұмыстарға ата-аналар да разы. Мұны өңір тұрғындарының игілігі үшін жасалып жатқан игі іс деуге болады, – деп атап өтті балабақша директоры.

Жөндеу жұмыстарының басталғанына аз ғана уақыт болса да, бүгінгі күні мұндағы жұмыстың шамамен 30 пайызы аяқталған. Бөбекжай меңгерушісі Гүлшәкар Әбдірахманова балабақшаны реконструкциялау жұмыстары алдағы тамыз айында аяқталатынын атап өтті. Айтуынша, егер жұмыс жүйелі түрде жалғасын табатын болса, биылғы жаңа оқу жылында мектепке дейінгі тәрбие беру орны өз бүлдіршіндерін жаңаша кейіппен қарсы
алмақ.

— Ғимаратқа жүргізілетін жұмыс-тардың қатарында есік-терезелерін, шатырын ауыстыру, ішкі қабырғаларды сылау, сыртқы қабырғаларын қаптау, едендерді, кәріз жүйесін, жылу жүйесін ауыстыру, сыртқы қоршау жұмыстарын жүргізу, ғимараттың аумағын абаттандыру бар. Жұмыс басталғанына бір айдан астам ғана уақыт болса да біраз жұмыстар еңсеріліп қалды. Мысал үшін қазіргі таңда ғимарат ішінде бояу, сырлау, ақтау жұмыстары жүргізілсе, алдағы уақытта сыртқы қоршау, тас төсеу секілді жұмыстар қолға алынбақ, — деп толықтырды ол.

Сонымен қатар, Гүлшәкар Әбдірахманованың сөзінше, қазіргі уақытта бөбекжайдағы барлық қызметкер балалардың уақытын тиімді өткізуіне бар күш-жігерін сарп етуде. Олардың арасында қоғам талабына сай бала тәрбиесіне аса қажетті психолог, логопед және хореограф мамандар жұмыс істейді.

— Жалпы балалық шақ – адам баласының тұлға болып қалыптасуындағы ең күрделі әрі қызықты шағы. Себебі бұл кезеңде бала қоршаған ортаны танып-біліп, жарқын дүниенің тыныс-тіршілігімен таныса бастайды. Осы жасында көрген-білгені, көңіліне түйгені әр бала үшін өмір бойғы азық болмақ. Тілі енді ғана былдырлап шыға бастаған бөбектерді мектепке дейінгі тәрбие беру орындарына беру оларды бауырмалдыққа, өзіне, елге қызмет ете білуге тұлға ретінде қалыптасып, кемелденуіне үлкен септігін тигізеді. Олар ошақ қасынан гөрі балабақшада ойын дамытуға, көпшілік ортада өзін ұстай білуге, жоғары адамгершілікке және білімге деген құштарлығын оятуға, одан ары арттыруға мол мүмкіндік алады. Бүгінгі біздің қоғамның басты талабы да – осы. Жан-жақты жетілген, ақыл-парасаты толысқан, ұлтжанды ұрпақты

 

қалыптастыру. Бұл ретте, аталған балабақша заман талабына сай жабдықтармен толық қамтылған. Бала тәрбиесін ойынмен ұштастыру басты назарда.
Тәрбиешілер балаларды музыкамен, спорттық ойындармен дамытуды қолға алған. Оның үстіне балаларға
уақыттың қызықты өтуі үшін түрлі заманауи ойын алаңдары
қарастырылған, – деді балабақша меңгерушісі.

Бұл күні аталмыш бөбекжайда балдырғандарды тағылымды істерге үйретумен қатар патриоттық тәрбиелеу де сәтті жүзеге асуда. Ата-аналар қауымы соңғы жылдары ауылға көңіл бөлініп, жаңа бастамалардың орын алуы бүлдіршіндеріміздің сапалы білім алуларына жағдай жасайды деп қуанып отыр.

— Болашақ жас ұрпақ қолында. Сондықтан тәуелсіздіктің тұтқасын берік ұстап, ел ертеңін ойлайтын саналы, отансүйгіш азамат тәрбиелеу бағытында бөбекжайлардың жайлы әрі заманауи болуы ел ертеңіне деген сенімділікті нығайтатыны анық. Біздің бүлдіршіндер алдағы уақытта күрделі жөндеуден өткен бөбекжайларының табалдырығын аттап, қуанышқа кенелмек. Бұл игі іске ауыл тұрғындары да дән риза, —
дейді ата-аналар.

 

Алтынбек МҰҚЫШЕВ