Вандализммен күресу керек!

Шіл 24, 2025

Екібастұз қаласында тұрғындарға жайлы жағдай жасау мақсат-ында саябақтар мен скверлер абаттандырылып, ойын, спорт алаңдары орнатылуда. Өкінішке қарай, тұрғындардың өздері осындай игіліктің қадірін білмей, орындықтар мен басқа да мүліктерді сындырып, түрлі жазу мен сурет салып кетеді.

Соңғы үш жыл аралығында кеншілер шаһарында 170-тен астам аула абаттан-дырылып, осынша ойын, спорт алаңдары жабдықталды. Жаңадан 10 хоккей корты, 20 футбол алаңы пайда болды. Саябақтар абаттандырылып, түрлі архитектуралық элемент қойылды.

Алайда олардың кейбірі аз уақыт аралығында сүреңсіз күйге түсті. Бұған қала әкімі Аян Бейсекин қынжылыс білдірді.

— Вандализм – төмен мәдениеттіліктің белгісі. Қоғамға ортақ мүлікті қасақана сындыру қолайсыздық тудырады. Бұзылған әр элемент тек материалдық шығын емес, таза әрі жайлы ортада өмір сүруді қалайтын қалалықтарды сыйламаудың көрінісі. Әрине, қирату, сындыру оңай, ал мәдениетті қалыптастыру қиын. Сондықтан ортамызға құрметпен қарайық! – деп үндеу тастады шаһар басшысы.

Сондай-ақ, қандай да бір теріс әрекетті байқаған бойда полицияға хабарласып, дереу тәртіп сақшыларын шақыруға кеңес берді.

Қ.ТІЛЕКТЕСҚЫЗЫ.