Ауыл — қазақтың негізгі күретамыры. Ұлт руханиятының  ошағы да ауылдан бастау алады. Соңғы жылдары облысымыздың елді мекендерінің көркейіп көгалдандырылуы, жалпы, ауылдықтардың ахуалы біршама жақсарды. Ауылдың қарапайым тұрғындарына алдымен не керек? Әрине, әлеуметтік жағдай қажет. Сондықтан алдымен ауылдарға апаратын жолдардың дұрыс болуы, ондағы мектептің, дәрігерлік қызмет мекемесінің, мәдениет ошағының, көше жолдарының мәселесі өз шешімін табуы қажет. Мәселен, Май ауданының елді мекендеріндегі мәдениет үйі, мектеп және көше жолдары жөнделді.

Игілікті істер көбейді

Облыста көркейіп, ырысы артып жатқан ауылдар аз емес. Сондай ауылдардың бірі – Май ауданындағы Майтүбек ауылы. Кеңестік кезеңде де, дән-дәулеті шалқыған ауыл бүгінде күн санап өркендеп келеді. «Елді мекенде адамға қажетті жағдайдың барлығы бар. Жастарды туған жерге еңбек етуге мүмкіндік туғызу үшін түрлі мүмкіндіктер қарастырылуда», — дейді ауыл тұрғындары. Майтүбек ауылының тұрғындары елді мекеннің нысандарын бұзбай сақтап келді. Ал соңғы жылдары мемлекеттік бағдарламалар арқылы көптеген игі іс жасалуда. Мысалы, аталмыш ауылдағы кітапхананы алайық. Оның ші заманауи негізде әрленіп, келбеті де заманға сай өзгерген. Ауылдық кітапхананың кітап-ханашысы Елена Гаманюктің сөзінше, кітапханаға келушілер саны артпаса кеміген жоқ.

— Кітапханаға жасөспірімдер көп келеді. Кітап қорымыз балалар әдебиетіне сай лайықталған. Жаңа кітаптар жиі келіп түседі. Жастардан бөлек, егде жастағы адамдарда кітап оқиды, рухани демалып қайтады. Ауылымыз жылдан-жылға дамуда. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы төңірегінде кіреберіс жол жөнделді, орталық көшеге асфальт төселді, бірнеше нысанға жөндеу жұмыстары жасалды. Ауылда тұруға түрлі мүмкіндіктер қарастырылып жатыр, — дейді ол. Ауыл әкімі Әлібек Айдаровтың сөзінше, елді мекенде барлық топтағы адамдарға барлық жағдай жасалған.

— Ауылымыз Кеңестік кезеңнен бері ауыл шаруашылығымен белгілі. Ауылдықтар бүгін де бұл кәсіптен құр алақан емес. Тұрғын-дарға керектінің бәрі бар. Әсіресе, еңбек етемін деген жастар үшін барлық жағдай жасалған. Қазіргі уақытта 500-ден аса тұрғын өмір сүреді. Биыл ұлттық бағдарлама аясында ауылдағы ақпарат және коммуникация орталығы, медициналық пунктте күрделі жөндеу жүргізілді. Сонымен қатар, ауыл көшелеріне заманауи шамдар қойылды, — дейді Ә.Айдаров. Жоғарыда атап өткен бағдарлама шеңберінде Майтүбек ауылындағы кіреберіс жол 41 млн теңгеге, Б.Момышұлы (1,190 шақырым) көшесі 45 млн теңге және Мүткенов көшесі 29,5 млн теңгеге жөнделді. Мердігер – «Павлодар жолдары» ЖШС. Ал «Логотек» ЖШС компаниясы 19,4 млн теңгеге көшелерді жарықтандыру жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ, 1989 жылдан бері соңғы 34 жыл бойы жөнделмеген коммуникация және ақпарат орта-лығының ғимаратына «Иман» Қызылорда ЖШС ұйымы 90 млн теңгеге, «Строитель» мердігері 24 млн теңгеге медициналық пунктты күрделі жөндеуден өткізді. Мұнда әкімдік, ветеринарлық пункт, Қазпошта, учаскелік кабинет, коворкинг орталығы, Ардагерлер кеңесі орналасқан.

Тұрғындар дән риза

Биыл аталмыш бағдарлама аясында Малайсары ауылында да бірқатар іс атқарылды. Ауылға тас жол төселіп, әлеуметтік нысандар бой көтерді. Нақтырақ айтсақ, орта мектеп, мәдениет үйі күрделі жөндеу жұмысынан өтті. Сондай-ақ, көшелерге жарық орнатылып, таза ауызсу тартылды. Мұның бәрі «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылды. Мәселен, ауылдық мәдениет үйіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Оған 54 млн теңге қаражат бөлінді. Мемлекеттік сатып алу қорытындысы бойынша «НВС – Строитель» ЖШС мердігер болып анықталған. Күрделі жөндеу жұмыстарына жұмыспен қамту бойынша осы ауылдан 3 адам жұмысқа алынды. Жалпы, жұмыс осы жылдың 5 мамырында басталып, нысан 26 тамыз күні пайдалануға берілді. Үш айға созылған жөндеу жұмысы барысында мәдениет үйінің төбесі жаңартылып, едені күрделі жөндеуден өтіп, толық аяқталды. Ішкі электр жүйелері ауыстырылып, желдету шахтасын тазалау, 2-қабат еденіне плита төсеу, жылыту жүйесін орнату, пластикалық терезелер мен есіктерді орнату жұмыстары жүргізілген. Атқарылған жұмыстарға ауыл тұрғындары да дән риза.

— Ауылымыз жылдан-жылға көркеюде. Бұрын мәселелер көп болатын. Олар да біртіндеп шешілуде. Осындай игі істі атқарып жатқан азаматтарға алғысымыз шексіз, — дейді ауыл тұрғыны Бибігүл Қосманова. Малайсары ауылы мектебінің іргетасы осыдан 35 жыл бұрын қаланған. Соңғы рет жөндеу жұмыстары 2015 жылы жүргізілген. Білім ошағында бүгінде 100-ге жуық оқушы білім алады. Ауыл әкімі Қуаныш Нұрғожиннің сөзінше, жөндеу жұмыстарына жауапты болған мердігер мектептегі жұмыстарды жаңа оқу жылына дейін аяқтаған.

— Ғимарат 1967 жылы қаланған. Жөндеу жұмыстарынан бөлек, мектептің кіреберісіне тас жол төселді. Биылғы жылы аудандық бюджеттен 5 936 000 сома көлемінде қаражат Малайсары ауылының көшелерін жарықтандыру мақсатында бөлінді. Абай, Әубәкірова, Достық, Момышұлы, Иманов көшелеріне жарықдиодты шамдар орнатылды. Сондай-ақ, Жаңасарай, Ақсарай бөлімшелерінің көшелеріне де шамдар тартылып, тұрғындар игілігіне ұсынылды. Барлығы 100 дана жарықдиодты шамдар толық орнатылып, тұрғындардың түнгі уақытта қауіпсіз әрі еркін жүруіне тағы бір жағдай жасалды. Бұл іске бюджеттен 23 млн теңге бөлінген. Жауапты мердігер ретінде «Павлодар жолы» ЖШС жеңімпаз болып табылды, — дейді ауыл әкімі.

Ақшиманда — заманауи байланыс

Бүгінге дейін аудан орталығынан шалғай орналасқан Ақшиман ауылында интернет мәселесі өзекті еді. Жуырда аталмыш елді мекенде бұл мәселе оң шешімін тапты. Ақшиман ауылы Павлодардан 250 шақырым жерде орналасқан. Он жыл бұрын бұл жерге ұялы байланыс мұнарасы қойылған. Дегенмен, ауыл тұрғындары үшін мобильді интернет қолжетімді болмаған.

— Интернет тек мектепте және әкімдікте ұстады. Ауылдың өзінде мобильді интернет болған жоқ. Пандемия кезінде мектеп оқушылары үйден оқыған кезде, біздің мұғалімдер үй тапсырмасын әр баладан жеке алып, дәптерлерін үйлеріне барып жинады. Мектепте спутниктік интернет болса да, ZOOM-ға кіру қиын болды. Жылдамдық төмен болды, — дейді жергілікті тұрғын Роза Серғазина. Бұл түйткілді Ақшиман ауылы тұрғындары жыл сайын аудан әкімінің тұрақты кездесуінде жиі көтеретін. Биыл аудандық әкімдік пен облыстық цифрлық технологиялар басқармасы бірігіп, «Кар тел» ұялы байланыс операторларымен келісіп, осы сұрақтың шешімін тапты. Май ауданы әкімдігі өз тарапынан КТП орнатып, электр қуатымен қамтыса, ұялы байланыс операторлары қажетті құрылғыларды қойды. Бүгінгі күні ауыл тұрғындары 3G жылдамдықпен интернет желісіне қосылды. Айта кетейік, Beeline орнатқан сигналды қайта қабылдау станциясының арқасында жоғары жылдамдықты мобильді интернет тек Ақшиман ауылы тұрғындарына ғана емес, сонымен қатар, алыс учаскелердегі елді мекендерге де қолжетімді болды.

Жолдар жөнделуде

Биыл Көктөбе ауылының 9 көшесіне асфальт төселді. Бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 267 миллион теңге жұмсалды. Көктөбе ауылының әкімі Әкімбек Темірғалиновтің айтуынша, бұрын-соңды асфальт көрмеген ауылдың тоғыз көшесі қайта қалыпқа келтірілді.

– Бүгінде Әуезов, Әбдірайымов, Мұқашев, Торайғыров, Бөкетов, Жангелдин, Сәтбаев, Сыздықов, Абай кентішілік жолдардың орта жөндеу жұмыстары аяқталды. Барлық белгілер қойылды. Халықтың көңілін тапқан сияқтымыз. Тұрғындар оң бағасын беріп жатыр, – деп атап өтті ол. Оның айтуынша, жолдардың жалпы ұзындығы 7464 метрді құрайды. Жұмыстарды «Павлодар жолдары ЖШС» мердігерлік
ұйымы атқарды. Жалпы, жұмысқа 12 техника мен 20 шақты адам жұмылдырылған.

– Демеушілердің қолдауымен ауылдағы мешіттің, Көктөбе орта мектебі және Е.Мұқашев атындағы орта мектебінің алдына асфальт жабыны төселді, – деді Ә.Темірғалинов. Ауыл әкімінің айтуынша, алдағы уақытта Көктөбе ауылында ауыл жарығын ауыстыру жоспарланып отыр. Бұл жоба бойынша жобалық-сметалық құжаттама дайындалуда. Сондай-ақ, ауылда әлі де асфальт салынбаған 16 көше бар. Оған да қажетті құжаттар әзірленбек.

 

Түйін:

Елді мекендерде атқарылып жатқан ауқымды шаралар – болашақта ауылдық жерде тұруға ниеттенген жастардың ықыласын арттырып, болашаққа үміт ұялатып, олардың тұрақтап қалуына жасалған игі қадам. Мемлекеттің кешенді жобаларының нәтижесінде ауылдық жерлердегі шешімін таппай келген біраз мәселе шешімін табуда. Әсіресе, тұрғындар жиі көтеріп жүрген жауыр болған мәселелер Үкімет назарына алынып, оң бағыт алуда. Ұлтымыздың алтын қазығы ауыл өмірін жақсарту мемлекетіміздің басты міндетіне айналғаны үлкен қуаныш!  

Айдана БОРАНБАЕВА,

Май ауданы.