Дайындық басталды

Ақп 13, 2025

Баянауыл ауданында көктемгі су тасқынына дайындық жұмыстары басталып кетті. Айтып келмейтін апаттың алдын алу шаралары пысықталып, өңірдегі гидротехникалық құрылыстардың жағдайы жіті тексерілуде.

Осы мақсатта іске кіріскен аудан әкімдігі мен төтенше жағдай бөлімінің өкілдері Қаныш Сәтбаев және Мұса Шорман ауылдарына арнайы барып, бөгеттер мен лимандарды, сондай-ақ, елді мекендерді су басудан қорғау үшін маңызды рөл атқаратын басқа да нысандарды бақылап шықты.

Тексеру нәтижесі су деңгейін уақытылы қадағалап, су тасқыны қаупін азайту үшін тиісті шаралар қабылдаудың маңыздылығын көрсетті. Сонымен қатар, жауапты мамандарға гидротехникалық нысандардың жағдайын қатаң бақылау, бөгеттерді тазарту және төтенше жағдай қызметінің әзірлігін қамтамасыз ету туралы ұсыныстар берілді.

Н.АҚЫТЕГІ.