Кеншілер шаһарында көпқабатты үйлерді жылыту маусымына дайындау жұмыстары пысықталды. Қала әкімі Аян Бейсекин апта сайын көпқабатты үйлердің басқару органдары өкілдерімен кездесіп, жұмыс барысын бақылауда ұстамақ.

Қала әкімінің Инстаграм әлеуметтік желісіндегі ақпаратқа сәйкес, қазіргі таңда шаһардағы 238 көпқабатты тұрғын үйді жылыту маусымына алдын ала қабылдау-тапсыру шаралары атқарылған. Басқару органдары жоқ көпқабатты үйлерге қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімінің жауапты мамандары бекітілген. Олардың бір бөлігі ішкі жылумен жабдықтау жүйелерінің жұмыстары үшін нысаналы жарналарды жинауға жауапты болмақ. Себебі, мұндай үйлерде дайындық баяу, тұрғындар тарапынан белсенділік жоқ көрінеді.

Қуантарлығы, өз жұмысына тиянақты бірқатар пәтер иелері кооперативтері жылыту маусымына дайындықты
100 пайыз аяқтаған. Қала әкімі оларға ерекше алғысын білдірді. Жауапты органдарға ортақ міндетті мінсіз орындауды әрі жұмыстарды бәсеңдетпеуді
тапсырды.

 

Г.МАҒЖАН.