Алдағы көктемгі дала жұмыстарына дайындық барысы аудандық әкімдікте кеңінен талқыланды. Биылғы жоспарлар баяндалды.
Жиынға облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Дархан Досжанов, аудан әкімі Азамат Маңғұтов және аймағымыздағы аграрлық қаржы ұйымдарының өкілдері қатысты.
Биыл ауданда 317 мың 359 гектарға егін егу көзделуде. Былтырғымен салыстырғанда егін алқабы 15 пайызға артты. Соның ішінде 145 мың гектарға дәнді дақылдар, 136,5 мың гектарға майлы дақылдар, 2 мың гектарға картоп, 100 гектарға көкөніс, 31,3 мың гектарға жемазық егіледі. Бүгінде 46 мың гектар сүрі жер дайындалған, қар тоқтату шаралары жүргізілген. 26 мың 864 тонна ауыл шаруашылығы дақыл-дарының тұқымы салынған. 2700 тонна минералды тыңайтқыштар сатып алыныпты. Өткен жылы аудан шаруалары 119 техника сатып алған. Көктемгі егіс жұмыстарына ауданға 5067 тонна жеңілдетілген жанар-жағармай қажет болады.
Құзырлы басқарма басшысы, қаржы ұйымдарының өкілдері мемлекет тарапынан диқандарға көрсетілетін қаржы тетіктері жайлы мәлімет берді. Бұдан кейін шаруалар өздерін толғандырған сұрақтарына жауап алды.
Г.МАҒЖАН.