Photo Valeriy BUGAYEV

Ақтоғай ауданында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың экономикаға инвестиция тарту жөніндегі тапсырмасын орындау шеңберінде жалпы сомасы 5,55 млрд теңгеге 4 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Одан бөлек, 52 астам тұрақты және 180 маусымдық жұмыс орны құрылады.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ақтоғай ауданының әкімі Қаршыға Арынов осы жылдың 5 айының қорытындысы бойынша ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндама жасады.

Қаршыға Зәлмұханұлының сөзінше, өткен жылға қарағанда биыл ауданның әлеуметтік-эконо-микалық даму көрсеткіштері бірнеше есе артқан.

– Аудан орталығында 24 пәтерлі үйдің құрылысы басталды. Жауапты мердігер – «О кей» ЖШС. Аталған жұмыстарға бюджеттен 361 млн теңге бөлінді. Аудандық бюджеттен 55 млн теңге сомасына қосымша қаржыландыру көзделген. Келесі көпқабатты үй Қайырбаев мектебінің жанынан, ал 2026 жылы аудандық аурухананың жанынан бой көтереді. Жалпы ауданы 1,8 мың шаршы метрден асатын екі қабатты жаңа ғимаратта 12 бір бөлмелі, 8 екі бөлмелі және 4 үш бөлмелі пәтер болады. Көпқабатты тұрғын үйдің бірі республикалық бюджеттен берілетін трансферттер бойынша кезекте тұрғандарға арналса, екінші тұрғын үйді кәсіпкерлер өз қызметкерлеріне салуда. Шығындардың 50 пайызын мемлекет субсидиялайды, – деді Қ.Арынов.

Одан бөлек, «Ақтоғай-АГРО» серіктестігі екі жобаны жүзеге асыруда. Осы арқылы  сүт фермасының қуаттылығы артады. Сондай-ақ, ірі қара малға арналған төрт орын салынып, сауу қондырғылары сатып алынады. Инвестиция көлемі үш миллиард теңгені құрайды.

– Аудандағы 31 ауылдың 15-і орталықтандырылған сумен, 18 елді мекен біріктірілген блок модульдерінен сумен қамтамасыз етілген. Жамбыл, Барлыбай, Жоламан, Шұға ауылдарындағы 4 жеңілдетілген су құбырының құрылысы өткен жылы аяқталуы тиіс еді. Дегенмен Барлыбай елді мекеніндегі жұмыстар осы аптада тәмамдалса, қалған ауылдардағы құрылыс жұмыстары жоспар бойынша тамыз айына дейін аяқталуы керек, – деді аудан әкімі.

Бүгінде Шілікті елді мекенінде 55 млн теңгеге спорт залының құрылысы басталды. Жауапты мердігер – Pershtctive ЖШС. Ақжол ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің жұмыстары осы жылдың тамыз айына дейін аяқталса, Шұға ауылында 138 млн теңгеге медициналық пункттің құрылысы басталды.

Айдана Боранбаева.

Суреттер газет мұрағатынан алынды.