Өткен аптада облыс әкімі Асайын Байханов Ертіс, Ақтоғай аудандарына жұмыс сапарымен барды. Сапар барысында аймақ басшысы аталған аудандардың шаруа қожалықтары басшыларымен кездесіп, құрылысы және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан әлеуметтік нысандардың бүгінгі жайымен танысып қайтты.
Егіншілік саласы – мемлекеттік қолдауда
Алдымен облыс басшысы Ертіс ауданындағы көктемгі дала жұмыстары барысымен танысты. Биыл ауданның егістік алқабы 323,7 мың гектар жерді құрады. Оның 75 пайыздан астамы астыққа тиесілі. Бүгінде зиянкестер мен арамшөптерге қарсы 216,8 мың гектар алқап өңделген.
Ертіс ауданының әкімі Болатбек Шәріповтің сөзінше, дала жұмыстарына барлығы 183 трактор, 185 шөп шабатын машина, 384 комбайн және 400-ден астам арнайы техника іске қосылған. Аталған жұмыстар бір апта көле-мінде аяқталуы тиіс.
— Биыл 201,5 гектар бидай, 1,8 мың га қарақұмық, 19 мың га арпа, 2,1 мың га сұлы, 7,3 мың га жасымық, 1,2 мың га тары және 11,6 мың га астық қоспасы егілді. Одан бөлек, 24,5 мың га күнбағыс, 18,6 мың га зығыр және 4 мың га мақсары себілді. Өткен жылы 18 га күнбағыс егілсе, биыл оған 5 га қосылды. Жалпы, жоспарланған егіннің
82 пайызы егілді. Тек бидай қалды. Көктемгі дала жұмыстарын бес күннің ішінде аяқтауды жоспарлап отырмыз, — деді Б.Кәрімов.
Асайын Қуандықұлы содан кейін аудан шаруаларымен кездесіп, оларды толғандырып жүрген сауал-
дарына жауап беріп, аталған мәселелер жақын арада шешімін табатынына уәде берді.
Ауылішілік жолдар жөнделуде
Сапар барысында облыс әкімі Ертіс ауданындағы жобалардың «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасының аясында іске асырылуын тексерді. Биыл аталған бағдарлама шеңбе-рінде Панфилов ауылында ұзындығы 3,7 шақырым болатын көшені жөн-
деуге республикалық бюджеттен 165,5 млн теңге бөлінген. Сонымен қатар, Голубовка, Северный, Ағашорын, Бестөбе, Қызылағаш ауылдарындағы 12 көшеге жөндеу жүргізіледі. Бонустық қор есебінен биыл Бірлік және Құдайберген ауылдарында жол жөндеу жұмыстары аяқталды.
Асайын Байханов Қызылжар ауылында бонустық трансферттер шеңберінде жөндеу жүргізілген ұзындығы 1,7 шақырым болатын екі көшені тексерді. Тексеріс барысында аймақ басшысы Ақсудың шекарасынан Қараоба ауылына дейінгі жолдың сапасы нашар екенін атап өтті.
— Ақтоғай ауылынан Атамекен кентіне дейінгі жолдың жағдайы көңіл көншітпейді. Жолдың көп жерінде шұңқырлар, тесіктер жиі кездеседі. Республикалық маңызы бар жолдарда авариялық жағдай туғызғаны және қауіпті учас-келерді уақытылы жоймағаны үшін «Қазавтожол» акционерлік қоғамына қатысты қатаң шара қабылдау қажет, — деді облыс әкімі.
Жол жөндеу ісі қарқынды
Осы жылы Ертіс ауданында балалар мен ересектерге арналған бассейннің құрылысы басталады. Жоба құны 884,7 млн теңгені құрайды. Орталықта ересек адамдарға арналған 360 текше метр, балаларға арналған 113,5 текше метр, 2 скиммермен
жүзу бассейні болады. Сондай-ақ, аймақ басшысына биыл құрылысы басталатын 32 және 24 пәтерлі үйлердің жұмысы таныс-тырылды. Аталған тұрғын үйлер әлеуметтік осал топтарға арналған.
— Бүгінде үй кезегінде 3 жетім бала, 3 көпбалалы отбасы, 7 мемлекеттік қызметкер және 43 халықтың әлеуметтік осал топ мүшесі бар. Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасына сәйкес халықтың әлеуметтік осал санаттары үшін бір тұрғын үй бірлігінің жалпы ауданы 80 шаршы метрді құрайды. Қазіргі уақытта мердігер анықталып, жер телімдерін аукцион арқылы тіркеу рәсімдері жүргізілуде, — деді аудан әкімі Б.Шәріпов.
Алайда Асайын Қуандықұлы әлеуметтік осал топтардан бөлек, ауылға келетін жас мамандарды да тұрғын үймен қамту керектігін басты назарға алды.
— Жоғарыда аталған топтағы адамдарға жан-жақты көмек көрсеткеніміз жөн. Дегенмен тұрғын үймен қамтылмаған жас мамандарды да ойлауымыз қажет. Бүгінде өңіріміздің елді мекендерінде пульмонолог, балалар дәрігері, хирург, онколог, кардиолог секілді мамандар тапшы. Оларды басқа өңірлерден ауылға тарту үшін алдымен тұрғын үймен, одан кейін жұмыспен қамтуымыз қажет, — деді Асайын Қуандықұлы.
Ертіс ауылында 1964 жылдан бері жөндеу көрмеген ғимарат орналасқан. Өткен жылдың соңында облыс әкімі Ертіс ауданындағы сапары барысында бұл нысанды қайта қалпына келтіруді тапсырған еді. Бүгінде тапсырма қабылданып, реконструкциялау жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
Облыстық білім беру басқар-масының басшысы Самал Айтқазинаның сөзінше, бос тұрған орталық жақында балалар шығармашылығы үйіне айналмақ. Бүгінде нысанның шатыры, терезелері, электр сымдары, жылыту жүйелері ауыстырылды. Сондай-ақ, ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілуде.
Айта кетейік, бұл орталық облысымыздағы үшінші білім беру және демалыс орталығы болмақ. Қалған екеуі Екібастұз және Павлодар қалаларында салынуда.
Шыбын-шіркеймен күрес
Кейін Асайын Байханов ауданда жүргізіліп жатқан дизенсекциялық жұмыстардың барысымен танысты. Осыдан бір апта бұрын пайда болған шыбын-шіркейлер ауданның Ертіс, Қызылжар және Иса Байзақов ауылдарында көбейіп кеткен. Ауыл тұрғындары аудан әкімдіктеріне осы мәселе бойынша шағым түсіруде. Дегенмен шыбын-шіркеймен мәселе тек Ертіс ауданында емес, сонымен қатар көршілес Железин ауданында байқалған.
Облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының басшысы Әйгерім Қабылтаеваның айтуынша, дезинсекциялық жұмыстар қазіргі уақытта Ертіс ауданының 10 мың га аумағында жүргізілуде. Су әлі толық ығып, тұрғындардың мазасын алуда.
— Бүгінде әуе бойынша дезин-секциялық жұмыстары жүргізілуде. Өткен жылмен салыстырсақ, жайылманы су басы деңгейі 1,5 есеге өсті. Осының себебінен, шыбын-шіркейлер көбейіп кетті. Енді өндеу жұмыстарының өзге нұсқаларын қолданамыз, — деді Ә.Қабылтаева.
Облыс басшысы аудан әкіміне осы мәселеге жауапты басқармамен бірлесіп жағалау бойында орналасқан ауылдардағы жағдайды бақылауды және солтүстік аудандардағы дезинсекциялық жұмыстардың көлемін ұлғайтуды тапсырды.
Көрсеткіш едәуір артқан
Асайын Байханов Ақтоғай ауданына сапарын Қожамжар ауылдық округінің «Agro Terra» ЖШС-нің суармалы егістігінен бастады. Онда облыс басшысы 1110 гектар алқапты суармалы егістікке айналдыру бойынша инвестициялық жобамен танысты.
Аудандағы суармалы жерлердің көлемі шамамен 6 мың гектар құрайды. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 1,8 мың га-ға артық. Суармалы жерлерді одан әрі ұлғайту үшін электр энергиясының қуаты жеткіліксіз. Облыс әкімі қосалқы станцияны жөндеу бойынша жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеуді немесе «Инвестиция орнына тариф» бағдарламасы бойынша сорғы станциясының жанындағы бұзылған қосалқы станцияны қалпына келтіру нұсқасын қарастыруды тапсырды.
«Весна» шаруа қожалығының басшысы Анатолий Филипишин егіс өсірудің заманауи әдістерін қолданып көргенімен 30 жыл бұрын қолданған классикалық технологияларға қайтып оралғанын жеткізді.
— Ауа райы өзгеруде. Дегенмен бұдан жер құнарлы бола түспейді. Сондықтан, қолда барды сақтай білу керек. Ал бұл үшін осы жерде жұмыс істейтін арнайы технология-ларды пайдалану қажет, — деді аймақ басшысы.
Аудан әлеуеті артуда
Кейін облыс әкімі облыстық бюджеттен бөлінген қаражатқа жүзеге асып жатқан жобаларды қарап, аудан әкімімен талқылады. Жалпы 333,6 млн теңгеге саябақ аймағын абаттандыру, елді мекендердегі көшелерді жарықтандыру, ауылдардағы кентішілік жолдардың орташа жөндеу жұмыстары орындалады. Бұл туралы аудан әкімі Қаршыға Арынов Асайын Байхановқа баяндап берді.
— Қаражаттың басым бөлігі Ақтоғай ауылына бөлінді. Облыстық бюджет есебінен 214 миллион теңгеге барлық көше-
лерге асфальт төселеді. Сондай-ақ, облыстық маңызы бар Ақтоғай-Шолақсор автожолының жөндеу жұмыстары жалға-суда. Өткен жылы 9 шақырымы, биыл жоспарланған 15 шақырымның 6 шақырымы жөнделді. Ал қалған 9 шақырым шілде айына дейін жалғасады. Келесі жылы жолды толығымен аяқтаймыз, — деді аудан әкімі.
Одан соң балаларды дамыту және түзету орталығының жұмысымен танысты. Балаларға арналған мекемені кәсіпкер Айгүл Жүсіпова 4,9 млн теңге инновациялық грант алғаннан кейін ашқан. Алдағы уақытта орталықта мектепке дайындық, сенсорика, ағылшын тілі, және «Ана-бала» курстары ашылады. Сондай-ақ, облыс әкімі Ақтоғай ауылында халықтың әлеуметтік осал топтарына арналған 24 пәтерлі тұрғын үйдің құрылыс барысымен танысып, күрделі жөндеуден өткен аудандық мәдениет үйіне барды.
Сапар соңында аймақ басшысы дезинсекциялық жұмыстардың барысы туралы есепті тыңдады. Ауданда бүгінде шыбын-шіркейге қарсы 20 мың га алқап өңделуде. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 3,5 мың гектарға артық көрсеткіш.
А.Байханов шыбын-шіркейлерді толықтай жойып жіберу мүмкін емес екенін айтты. Өйткені, олар — табиғи экожүйенің ажырамас бөлігі. Алайда олардың жаппай ұшып шығуының алдын алу қажет екенін атап өтті.
Айдана БОРАНБАЕВА, Ертіс, Ақтоғай аудандары.
Суреттерді түсірген — Есенжол Исабек.