Аудандарда дәрігер мамандардың жетіспеушілігі ұзақ жылдар бойы шешімін таппай келген өзекті мәселелердің бірі болатын. Бірақ соңғы жылдары бұл түйткілдің түйіні тарқап келеді. Мәселен, Май аудандық орталық ауруханада ақ желеңділердің саны арта бастады.
Өткен жылы ауруханаға 7 маман жұмысқа орналасқан. Биыл олардың қатарына тағы 2 дәрігер қосылды. Солардың бірі – Жақсылық Әдікұлы. Ол реанимациялық, анестезиялық қызмет ұсынады.
— Ауданға келгеннен кейін аудандық әкімдік пен аурухана басшылығының тарапынан жәрдемақылар тағайындалды. Сонымен қатар, «Дипломмен — ауылға!» жобасы аясында да қаржылай көмек көрсетілді. Қазіргі уақытта аудандық әкімдіктің берген үйінде тұрып жатырмыз. «Дипломмен — ауылға!» жобасы аясында 0,1 пайызға үй алуға өтініш беріп қойдым, — дейді Жақсылық.
Ал Гүлнәр Абдулахатова Түркістан облысынан келген. Бір жыл бұрын жолдасы аудандық ауруханаға хирург қызметіне орналасқан. Кейін жұбайы да дәрігерлер қатарына қосылды.
— Ауданда жастарға мүмкіндік мол. Әсіресе, «Дипломмен — ауылғаІ» жобасы өз жемісін беріп отыр. Қажетті қаржы да, баспана да берілді. Ауруханада жалпы тәжірибелік дәрігер болып еңбек етемін, — дейді Гүлнәр.
Айта кетейік, өткен жылы Май аудандық ауруханасына 7 маман келген. Олардың қатарында қатарында жалпы тәжірибелік дәрігер, невролог, анестезиолог-реаниматолог, хирург бар.
— Биыл бізге екі маман келді. Бірі — жалпы тәжірибелік дәрігер, екіншісі — акушер-гинеколог дәрігер. Қазіргі таңда инфекционист дәрігер, дерматовенеролог мамандардың тапшылығы бар. Кадр тапшылығына байланысты Павлодар, Ақсу, Курчатов қаласынан аптасына бір рет отоларинголог, офтальмолог, кардиолог дәрігерлері келіп тұрады, — дейді аудандық аурухана бас дәрігерінің міндетін атқарушы Рымгүл Құсайынова.
Айдана БОРАНБАЕВА.