Екі елді мекен енген

Нау 7, 2025
Photo Valeriy BUGAYEV

Еліміздің күретамыры – ауылдарды абаттандыру, әлеуметтік нысандарын жаңғырту немесе жаңасын салу жұмыстары жыл сайын іске асып келеді. Әлбетте, бір жылда барлығын қамту мүмкін емес. Сондықтан ауылдың үлкендігіне немесе мәселенің қаншалықты күрделілігіне қарай кезегі айқындалады. Әсіресе, көпшілік «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасына елді мекенінің енгенін қалайды.

Себебі, бұл бағдарлама арқылы бір жылда бірнеше нысанды, ауылдағы инфрақұрылымды реттеп алу мүмкіндігі қарастырылған. Биыл Тереңкөл ауданында аталмыш бағдарламаға екі ауыл еніпті. Олар – Песчан және Ивановка ауылдары. Аудандық экономика және бюджетті жоспарлау бөлімінің мәліметінше, аталған екі ауылда жалпы құны 1 млрд 694 млн теңгенің 7 жобасы қолдау тапқан.

Мәселен, Ивановка ауылындағы мектеп күрделі жөндеуден өтеді. Бұл мақсатқа 262 млн теңге бөлінбек. Мәдениет пен спорт бағытындағы ғимараттар да назардан тыс қалмаған. Ивановка ауылында мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтеді. Оған облыстық қазынадан 302,9 млн теңге қарастырылған.

— Ауылымыз жылдан жылға көркейіп келеді. Екі жыл бұрын орталықтандырылған су құбыры тартылып, бүгінде ауылымыздағы 103 шаңырақтың әрқайсысында ауызсу бар. Соңғы екі жыл ішінде 8 көше тұтастай жарықтанды-рылды. 2 млн 600 мың теңгеге 150 жарықшам орнатылды. Бүгінде ауыл іші жарық. Енді жолдарымыз да реттеледі. Биыл «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 5 көшеге асфальт төселеді. Бұған дейінгі жылдары 3 көшемізге тас жол салынған. Оған қоса, өткен жылы жаңа медициналық пункт құрылысы басталды. Ағымдағы жылы қолданысқа беріледі, — дейді Ивановка ауылдық округінің әкімі Дәурен Абыраев.

Айта кетейік, аталмыш ауылда бүгінде 567 адам тұрады. Аудан орталығынан небары 25 шақырым қашықтықтағы елді мекен ендігі кезекте гүлденіп, жаңа тыныс алмақ. Мұндай оң өзгерістен Песчан ауылы да қалыс қалмақ емес. Күрежолдың бойындағы ауылда биыл бірқатар ауқымды жұмыстар іске асады. Атап айтсақ, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында мұнда №2 мектеп күрделі жөндеу көреді. Оған қазынадан 65 млн теңге жұмсалады. Ауыл балаларының спортпен айналысуына жайлы жағдай жасалады. Олай дейтініміз, мұнда биыл жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешені бой көтереді. Көшелері де қараңғылықтан құтылады. Себебі, 100,1 млн теңгеге көшелерге жарықшамдар орнатылады. Демеушілер де ауылды көркейтуден шет қалмауды жөн көрген. Нәтижесінде 10 млн теңгеге көшелерді жарықтандыру жоспарланған. Көшелер жарықтандырылып қана қоймайды, жолы да асфальт-талады. Биыл «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде бұл ауылда 4,4 шақырым ішкі жолға тас жол төселеді. Оған облыстан 213,8 млн теңге қаржы қарастырылған.

Тереңкөл ауданындағы ауылдарды көркейту, инфрақұрылымды жаңарту жұмыстары «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасымен ғана шектелмейді. Өзге де қаржы көздері арқылы атқарылатын біршама жұмыстар баршылық. Мәселен, 2025 жылы облыстық бюджеттен аудандық маңыздағы жолдар бойынша Калиновка ауылына кіреберіс жолды жөндеуге 145 млн теңге бөлінеді. Бұл сомаға 3 шақырым жол жөнделеді.

Көптен бері күрделі жөндеуді қажет еткен Оқушылар үйіне қатысты жоба да облыстық деңгейде қолдау тапқан. Бұл мақсатқа 152,6 млн теңге қажет етілмек. Естеріңізде болар, облыс әкімі Асайын Байханов аудан орталықтарында бассейн салу бастамасын қолға алды. Алғашқылары биыл үш ауданда бой көтереді. Осы ретте, Тереңкөл ауданы бассейннің жобалық-сметалық құжатын биыл әзірлемек. Береговой ауылының кіреберіс жолын жөндеу жобасының құжаты да 2025 жылы дайын болады.

Аймағымызда былтырдан бері іске асып жатқан бонустық трансферттің де биыл Тереңкөлге пайдасы тимек. Аталмыш ауданға 445,3 млн теңге қарастырылуда. Облыстық қазына қаржысына аудан орталығында бірқатар жұмыстар жүзеге асыру көзделген. Биыл Тереңкөл ауылындағы жағалау жайнайды. Мұнда 11,4 млн теңгеге жан-жақты абаттандыру шаралары жоспарланған. Оған қоса, 30,6 млн теңге қаржыға жағажай да көріктендіріледі. Торайғыров көшесінде жаяу жүргіншілер жолына орташа жөндеу жүргізіледі. Бұл мақсатқа 60,8 млн теңге бөлінген. Калиновка және Октябрьск ауылдарында 39,4 млн теңгеге сушаруашылық құрылғыларына ағымдық жөндеу жүргізілмек. Песчан ауылына 96 млн теңге бөлініп, оған 2 шақырымдық ауылішілік жол орташа жөндеуден өтеді.
16,2 млн теңгеге ұзақ уақыт қызатын қазандықтар сатып алынады. Сондай-ақ, қоқыс таситын көлік, экскаватор, тіркеме сияқты арнайы техникалар сатып алу көзделген.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.

Суреттерді түсірген — Есенжол Исабек.