Екі мектеп жөндеуден өтеді

Ақп 5, 2026

Елімізде ауылдық мектептерді қалалық білім ордаларынан қалдырмай, заманауи жағдайға жеткізуге көңіл бөлініп келеді. Мәселен, биыл Тереңкөл ауданы орталығындағы қос мектеп күрделі жөндеуден өтпек.

Олар – аудан орталығында орыс тілінде білім беретін А.Елгин атындағы №1 және А.Текенов атындағы №2 мектептер. Тереңкөл аудандық білім беру бөлімінің басшысы Жайнат Біләлованың мәлімдеуінше, қазіргі таңда қос мектептің жөндеуіне қаржы бөлінген. Мердігер де анықталған. №1 мектептің жөндеу жұмыстарына қазынадан 400 млн теңге, ал №2 білім беру ордасына 422,6 млн теңге қарастырылған.

№2 мектепте бүгінде 425 бала, ал №1 мектепте 580 оқушы білім алады. Жөндеу барысында мектептердің ішкі әрлеу жұмыстары жүргізіледі. Дәліздегі ағаш еден кафельге ауыстырылмақ. Қос мектептің де сыртқы қасбетіне заманауи тәсілмен сылақ жүргізіледі. Кіреберісіндегі пандус ауыстырылып, жөнделеді. №2 мектепте терезелер толық ауыстырылса, №1 мектепте ішінара жаңартылады. Негізі, бұл мектептерде 10 шақты жыл бұрын ауыстырылған көрінеді. Сонымен қатар, екінші мектепте ішкі есіктері жаңартылмақ. Қос білім ордасында жылу желілері ауыстырылады.

Мектептерде кабинеттер де заманауи үлгіде көрініс табады. Жөндеу жұмыстарына мердігер ұйымдар оқу жылы аяқталысымен бірден кіріседі деп жоспарланған. Ал 9-11-сынып оқушылары мемлекеттік емтихандарын аудан орталығындағы Қ.Оспанова атындағы №3 мектепте тапсырады. Ол үшін кабинеттер де келісілген.

Г.ТҮГЕЛБАЙ.

Тереңкөл ауданы.