Екі нысан салынады

Ақп 12, 2026

Биыл Баянауылда екі мекеменің құрылысы басталады деп жоспарлануда. Атап айтқанда, аудан орталығында жаңа балабақша, ал Майқайың кентінде өнер мектебі салынбақ.

Аудан әкімі Ардақ Кісентаев бұл бағыттағы жұмыстарды бастамас бұрын халықпен кездесіп, ой-пікірлерін білгенін айтады.

– Осы жылы жүзеге асатын ауқымды жобаларды таныстыру үшін ақсақалдар, аудандық мәслихат депутаттары және қоғам белсенділерімен жиын өткіздім. Аға буын өкілдерінің ұсынысы мен ақыл-кеңесін тыңдадым. Біз қашанда орынды сын мен тұшымды пікірді, кеңесті ескеріп, сол бағытта жұмыс жүргіземіз, – деп атап аудан әкімі. Оның айтуынша, ең үлкен жоба – Майқайыңдағы өнер мектебінің құрылысы. Бұл нысан облыс әкімінің қолдауымен салынатын болады. Яғни, ескі музыка мектебі сүріліп, оның орнына балалар мен жастарға арналған заманауи жаңа нысан тұрғызылмақ.

Сондай-ақ, ағымдағы жылы кент аулаларын абаттандыру жұмыстары да жалғасын табады. Жаңа автотұрақ салынып, жолдар жөнделеді деп жоспарлануда.

Н.ШОДЫР.

Баянауыл ауданы.