Аймақтағы ауыл шаруашылығы саласы бойынша алдыңғы қатардан көрінген аудандардың бірі — Аққулыда атқарылған жұмыстар аз емес. Сонымен қатар, тұрғындарды толғандырған мәселелер де біртіндеп оң шешімін табуда. Бұл жөнінде өңір басшыларымен болған кезекті сұхбат барысында аудан әкімі Руслан Берекеліұлы Мұқанов айтып берді.
— Руслан Берекеліұлы, Аққулы ауданының тізгінін ұстағаныңызға бір жарым жылға жуық уақыт өтіпті. Осы аралықта өңірде қандай жұмыстар атқарылуда?
— Әрине, ауданда бірқатар игі істер қолға алынуда. Нақтырақ айтар болсам, бұған дейін жылдар бойы тұрғындарды толғандырып келген Қызылқоғам, Төсағаш, Мерғалым, Шарбақты, Малыбай ауылдарының кіреберіс жолдарына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Аймақ басшысының қолдауымен бонустық транферт есебінен 237 млн теңге қаражат бөлініп, оған 10 шағын ауылда футбол және балалар ойын алаңдары орнатылды. Аталған қосымша қаржыға аудан орталығындағы бірнеше көшенің жолдары да жөнделді. Сондай-ақ, Аққулы ауылының Хамзин және Амангелді көшелеріне жарықтандыру жұмыстары жүргізіліп, «Жігер» атты спорт алаңы бой көтерді. Онда аққулылық жастар баскетбол, волейбол, басқа да спорт түрлері бойынша жаттығып, бос уақыттарын тиімді өткізбек.
Жалпы, ауданымыздың қай саласын алып қарасақ та алға басу бар екенін атап өткен жөн.
— Аққулы өңірі — аймақтағы ауыл шаруашылығы жақсы дамыған өлкенің бірі. Бұл саланың бүгінгі тыныс-тіршілігі қалай?
— Иә, ауданымыздың экономикалық дамуының негізгі бағыты – ауыл шаруашылығы. Сондықтан осы саланың жұмысын жандандыруға басымдық берілуде. Ағымдағы жылы малдың селекциялық және асыл тұқымды шаруашылығын дамытуға бағытталған бағдарлама бойынша ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге 419,1 млн теңге субсидия берілді. Сонымен қатар, өңірде ірі қара мал саны өскенін айта кету керек. Биыл 1 қарашадағы ақпарат бойынша ірі қараның саны 42 мыңнан асқан. Облыс бойынша ауданымыз жылқы және ірі қара малдың саны жағынан алдыңғы қатардан көрінуде.
Егін шаруашылығы саласындағы жұмыстар да жоспар бойынша ойдағыдай орындалды. Биыл 22 мыңнан астам гектар жерге тұқым себілді. Алғаш рет ауданда 400 гектар жерге соя егілді. Шығымдылығы көңілден шықты деп айтуға болады. Бүгінде майлы дақылдардан басқа өнімдерді жинау науқаны аяқталды. Ал мал азығын қыстайтын жерлерге дейін жеткізу жұмыстары жалғасуда. Бұдан бөлек, аудандық шаруаларға деген қолдау шаралары да назардан тыс қалған жоқ. Ағымдағы жылы дала жұмыстарымен айналысатын шаруа қожалықтарына 513 тонна дизель отыны арзан бағамен берілді. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы техникаларын жаңарту мақсатында 82 трактор, басқа да жабдықтар сатып алынды.
— Енді тұрғындарды толғандырған мәселелерге үңілсек… Біз газетімізге Тілектес ауылын-дағы апатты мектеп пен көптен бері күрделі жөндеу жұмыс-тарын көрмеген Тақыр жалпы негізгі білім беру мекемесінің жағдайы жайлы жазған едік. Аталған мәселелер бойынша қандайда бір қозғау болды ма? Оң нәтиже бар ма?
— Әрине, Тілектес ауылындағы мектеп апатты деп танылғаннан кейін жаңа білім ордасын салу мәселесі көтерілді. Облыс әкімі де осы ауылдың тұрғындарымен жүздесіп, жағдайды көзімен көріп, мәселені шешу жолдарын талқылады. Нәтижесінде, 90 орындық, оның ішінде 20 балғынға лайықталған шағын орталығы бар мектеп ғимаратын салу жоспарланды. Бүгінде мердігер анықталып, келісім жасалып, меморандумға қол қойылды. Көп кешікпей құрылыс жұмыстары басталатын болады. Келесі оқу жылын балалар заманауи жаңа мектепте қарсы алады деген сенімдеміз.
Тақыр мектебі бойынша айтар болсам, бұл білім ордасының ғимараты әу баста 150-180 балаға лайықталып салынған. Яғни, үш қабатты үлкен мектеп. Бірақ қазіргі таңда мұнда 40-қа жуық оқушы ғана оқиды. Биыл бұл мектепке жасалған жобалық-сметалық құжаттың мерзімі де аяқталды. Әзірше күрделі жөндеу жүргізу туралы шешім шыққан жоқ. Десе де, облыстық білім беру басқармасы тарапынан жыл сайын ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуге қажетті қаражат қарастырылуда. Мәселен, осы оқу жылында білім ордасының төбесі жабылып, еденіне жаңа линолеум төселді. Әйнектері де ауыстырылды.
— Әйтей ауылында салынған балалар алаңының сапасына қатысты тұрғындар тарапынан шағым түскен болатын. Жалпы, соңғы уақытта көп ауылда осы сияқты ойын, футбол алаңдары пайдалануға берілуде. Ал олардың сапасы қаншалықты қадағалануда? Бұл мәселе аудан деңгейінде қалай қолға алынуда?
— Былтыр осындай жайсыз жағдай орын алды. Кейін тұрғындардың шағымы ескеріліп, кеткен кемшіліктер толығымен жойылды. Қазіргі күні балалар алаңына қатысты күрделі мәселе жоқ деп айтуға болады. Жалпы, осындай сұрақтар облыс әкіміне өзге өңірлерден де жиі келіп түседі екен. Сол себепті биыл аймақ басшысы аудан-қала әкімдеріне тапсырма беріп, келесі жылдан бастап шағын футбол және балалар ойын алаңдарын күтіп ұстауға аудандық бюджеттен қаражат бекіту керектігін тапсырды. Сонымен, келер жылы бұл мақсатқа қаражат қарастырылып, ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп тұратын болады.
— Ауыл тұрғындарына медициналық қызметтің қол-жетімді болуы және маман тапшылығы мәселесін шешу үшін қандай қадамдар жасалуда?
— Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ауыл медицинасын дамытуға және шалғайдағы елді мекен тұрғындарын сапалы медициналық көмекпен қамтуға бағытталған «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында ауданымызда игі істер жүзеге асуда. Мәселен, Шақа, Жабағылы, Тілектес, Қазы, Қазантай, Тақыр ауылдарында медициналық пункттердің құрылысы жүргізілуде. Бүгінгі күні Шақа және Жабағылы ауылындағы емдеу мекемелерінің құрылысы толығымен аяқталып, қажетті құрал-жабдықпен қамтамасыз етілді. Өзге елді мекендердегі денсаулық сқтау нысандарының құрылысы биыл жыл соңына дейін аяқталады деп жоспарлануда.
Аудандағы дәрігер тапшылығы мәселесі әрдайым назарымызда. Осы жылдың басында хирург, стоматолог мамандар болмаған еді. Қазір бұл олқылықтың орны толды. Сонымен қатар, Қарақала, Шарбақты ауылындағы дәрігерлік амбулаторияларға жалпы тәжірибе мамандары келіп, еңбек етуде. Өңіріміз жұмыс істегісі келетін жас дәрігерлерге жан-жақты қолдау көрсетіледі. Яғни, баспанамен қамтылады, көтермеақы төленеді. Кадрларды тарту үшін Семей медициналық университетімен тығыз байланыстамыз. Десе де, өңірде анестезиолог маман әлі жоқ болып тұр. Ота жасалатын науқастар облыс орталығындағы емдеу мекемелерінің көмегіне жүгінуде.
— Көші-қон саясаты қалай жүзеге асуда?
— Көші-қон бағдарламасының осы жылға бекітілген жоспары бойынша ауданымызға 28 отбасы, яғни 110 қандас көшіп келуі тиіс еді. Бүгінде 27 шаңырақ қоныстанып үлгерді. Олардың көшіп келуіне кеткен шығындарын өтеу үшін отбасының әр мүшесіне 70 айлық есептік көрсеткіш көлемінде бір реттік төлемақы берілді. Ұтқырлық сертификатын алып, баспаналы болып жатқандары да бар. Қоныс аударушылардың көбі мал шаруашылығымен айналысып, өзін-өзі жұмыспен қамтуда. Оларға жер үлестіріп беру, басқа да өтініштерін қанағаттандыру үшін қолдан келгенше көмектесудеміз. Қандастардың арасында «Бастау-бизнес» бағдарламасы бойынша оқып, мемлекеттен қайтарымсыз грант алған 3 азамат бар. Бастысы, алыстан келген ағайындар ауданымызға біртіндеп бейімделуде.
— Аққулыға барар жолдағы «мен мұндалап» бос тұрған үлкен ғимарат көптен бері көзге түсіп келеді. Бұл кешен қашан кәдеге жарайтын болады? Осы сұрақ аудан тұрғындарын да мазалайтын көрінеді.
— Аталмыш кешеннің аудан аумағындағы республикалық маңызы бар жолдың бойында тұрғанына 6 жылдай уақыт өтті. Мен әкім болып келген кезде де көпшілік дәл осы мәселені көтерді. Бірақ аталған ғимарат біздің ауданға тиесілі емес. «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының балансындағы нысан болып табылады. Әзірге мұнда жанар-жағармай құю бекеті жақсы жұмыс істеп тұр. Ал кешеннің өзін жалға алу құны қымбатырақ, яғни айына шамамен 4 млн теңге деп бағаланғаннан кейін ешкім алмағанға ұқсайды. Әрине, мұндай соманы кез келген кәсіпкердің қалтасы көтере бермейтіні белгілі. Бірақ биыл бұл ғимараттың мәселесі шешілді. Көп кешікпей кешен толығымен ҚР Төтенше жағдай министрлігіне өтпек. Сөйтіп, мұнда құтқару станциясы, өрт қызметі, жедел жәрдем сынды бірнеше бөлімдер орналасады деп жоспарлануда.
— «Ауыл – ел бесігі» бағдар-ламасының ауданда жүзеге асу барысы және келесі жылға жоспарланған жобалар жөнінде айта кетсеңіз…
— Ауылдықтар үшін аталған бағдарламаның берері мол. Мәселен, ағымдағы жылы Қарақала ауылының 4 көшесі жөнделді. Сондай-ақ «Айгөлек» балабақшасы күрделі жөндеуден өтті. Қазіргі уақытта дене шынықтыру кешені құрылысының 95 пайызы аяқталды. Құрылыс жұмыстары баяу жүргізілгені үшін сотқа жүгіндік. Іс қаралуда.
Келесі жылы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында бір мыңнан астам халқы бар Шарбақты ауылында бірқатар игі іс атқарылады деп жоспарлануда. Атап айтар болсақ, елді мекеннің ауылішілік жолдарына бұрын-соңды болмаған асфальт төселеді. Сонымен қатар, ауыл мектебіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Бұл мақсатқа 360 млн теңге бөлінбек.
— Аудан халқын не толғандырады, қандай мәселелермен жиі хабарласады?
— Тұрғындар жиі көтеретін негізгі мәселелердің бірі – тұрғын үймен қамтамасыз ету. Әрине, әркім өз үйі – өлең төсегі болғанын қалайды. Осы бағытта ауданда ауқымды жұмыстар қолға алынуда. Өңір бойынша 200-ден астам адам тұрғын үй кезегінде тұр. Бүгінде 14 баспана берілді, ал жыл соңына дейін тағы да 12 жаңа пәтердің кілті тапсырылатын болады. Сонымен қатар, ауылдықтар өз кәсібін дамыту үшін жер телімдерін бөлу, әлеуметтік қолдау, жұмыспен қамту мәселелері бойынша көмек сұрап жатады. Тұрғындар тарапынан түскен сұрақтарды назарыма алып, тиісті көмек көрсетуге тырысамын. Елдік мәселелердің ешқайсысы ескерусіз қалмайды. Менің телефон, ватсап нөмірім баршаға қолжетімді. Кейбір мәселелерді тереңірек түсіндіру үшін азаматтарды жеке қабылдауыма шақырамын.
— Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан – Нұржайна ШОДЫР.