Облыс әкімі Асайын Байханов жұмыс сапарымен Тереңкөл және Железин аудандарына барды. Қос аудандағы көктемгі егіс науқанының, «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасының, жөндеу және құрылыс жұмыстарының барысымен танысты.
Дақылдың тиімдісіне ден қойса…
Алдымен аймақ басшысы Тереңкөл ауданында болды. Мұнда 306,5 мың гектар егіс алқабы игерілуде. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 14,8 мың гектарға артық. 151 мың гектар егістікке бидайдан басқа арпа, сұлы, қарақұмық, бұршақ және жүгері егіледі. Майлы дақылдардан күнбағыс, зығыр, қыша, мақсары дәні себіледі.
Жұмыс сапары барысында өңір басшысы «Agriculture» шаруа қожалығының егістікті суаруға бағытталған инвестициялық жобасымен танысты. Шаруа 98,2 млн теңгеге екі Zimmatic жаңбырлатып суару қондырғысын сатып алған. Су құбыры салынып, алқаптар бүгінде суарылуда.
Одан кейін облыс басшысы 15,7 мың гектар алқапқа бидай, сұлы, күнбағыс егіп жатқан «Ивановское» ЖШС-іне барды. Шаруашылық басшылығы заманауи агротехнологиялар қолдануға ден қойған. Жыл сайын техника паркін жаңарту жұмыстары жүргізіледі. Яғни, техниканы өз қаражаты есебінен және лизинг арқылы сатып алуда.
Мұнда облыс әкімі шаруа қожалық-тарының басшыларымен кездесті. Диқандар саладағы ағымдық жағдаймен және болашақтағы жоспарларымен бөлісті. Асайын Байханов маржиналдық пайдасы басым ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіру қажеттігін атап өтті.
— Өткен жылғы маусым ешкімге де оңай болған жоқ. Алайда, алған беттеріңіз-
ден қайтпай, табанды еңбек еттіңіздер. Сіздер технологияға, техникаға, жақсы тұқымдарға, тыңайтқыштарға қаржы салудасыздар. Біздің міндетіміз — ауыл шаруашылығы кәсіпорындарына ұйымдық, қаржылық, инвестициялық және жеңілдетілген несиелермен қолдау көрсету, — деді облыс әкімі.
«Кең дала» бағдарламасы бойынша 27 шаруашылық егіс жұмыстарына 445,3 млн
теңге несие алған. «Агро Бизнес» бағдарламасы аясында 155,8 млн теңгеге 6 шаруашылық қаржыландырылыпты. 450 млн теңгеден астам қаржыға шаруалар 20 жаңа ауыл шаруашылығы техникасын сатып алды.
Аймақ басшысы тірек ауылдардың бірі – Калиновкада «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде қолға алынған жұмыстармен де танысты. Аталмыш елді мекен биыл жаңа кейіпке енбек. Себебі, мәдениет үйі, мектеп, медициналық пункт күрделі жөндеуден өтуде. Сондай-ақ,
5,5 шақырым ауылішілік жол жаңартылады. Жарықтандыру желілері тартылып, спорт және ойын алаңдары орнатылады.
Бір айта кетерлігі, облыстық бюджеттен бөлінген бонустық трансферт шеңберінде Тереңкөл, Әулиеағаш, Қоржынкөл, Томарлы, Береговой, Жаңабет және Фрументьевка ауылдарында 13 шақырымға жуық ішкі жолдар жөнделеді, аудан орталығында спорт алаңдары орнатылады. Сондай-ақ, Октябрьск ауылы жарықтандырылмақ. Облыс әкімі Асайын Байханов аудан әкіміне жұмыстардың сапасын қамтамасыз етуді және олардың орындалу мерзімдерін қатаң бақылауға алуды тапсырды.
Жөнделетіні жетерлік
Бұдан кейін облыс әкімі Железин ауданына жол тартты. Алдымен Моисеевка елді мекенінде ауданға қоныс аударатын көпбалалы отбасылар мен жас мамандарға арнап салынып жатқан 2 пәтерлі үйдің құрылыс барысымен танысты. Жаңа тұрғын үйді инвестор өз қаражатына тұрғызуда. Кейін оны жергілікті билік сатып алуды көздеп отыр.
Дәл осылай Железин ауылында да 24 пәтерлі үйдің құрылысы басталды. Бұл пәтерлерді тұрғын үй кезегінде тұрған ауданның әлеуметтік осал тобы санатындағыларға үлестіру жоспарланған. Ауданда әлеуметтік тұрғын үй кезегінде барлығы 206 адам тұр.
Жұмыс сапары барысында облыс әкімі көктемгі дала жұмыстарының барысын және ауданның агроөнеркәсіптік кешеніндегі жобалардың іске асырылуын тексерді. Биыл болжамды егіс алқабы 213,5 мың гектарды құрамақ. Диқандар 799,57 млн теңгеге 57 ауыл шаруашылығы техникасын сатып алған. Егіс жұмыстарын сәтті жүргізу үшін ауданның 27 ауыл шаруашылығы тауарын өндірушісі
784,4 млн теңгеге несие алыпты.
Жұмыс сапары барысында өңір басшысы ірі шаруашылықтардың бірі «Жұмабек Агро» ЖШС-нің суармалы алқабына барды. Аталмыш шаруашылық құны 2 млрд теңге болатын «Суармалы жерлерге арналған инженерлік желілер құрылысы» инвестициялық жобасының екінші кезеңі іске асырылуда. Шаруашылық рапс пен бидай дақылдарын себеді. Суармалы алқаптың ауданы — 837,46 гектар.
Сондай-ақ, облыс әкімі «Неупокоев» шаруа қожалығының егіс алқабында болды. Шаруашылықта көктемгі дала жұмыстарын жүргізу сапалы тұқым да, минералды тыңайтқыштар да дайын, заманауи техникамен қамтылған.
Асайын Байханов ауданда «Ауыл — ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүргізіліп жатқан жұмыстарды де тексерді. Бағдарлама аясында 1974 жылы салынған Прииртышск ауылының мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтуде. Жұмыстар тамыз айының соңында аяқталмақ. Бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 142,4 млн теңге көлемінде қаражат бөлінді. Бүгінгі күні мұнда электр сымдары, терезелері ауыстырылып, санитарлық торап пен шатыры жөнделген. Қазір көрермендер залын жөндеу, кіші залдың еденін құю, қабыр-ғаларын қаптау жұмыстары жүргізілуде. Нысанда 30 адам жұмыс істеп жатыр.
Сондай-ақ, Т.Праслов атындағы Калиновка орта мектебін күрделі жөндеуге облыстық бюджеттен 228 млн теңге бөлінді. Мұнда жылумен жабдықтау жүйесі ауыстырылады, едендер, қабырғалар, шатыр және электр сымдары жаңартылады.
Биыл жазда ауданда бірнеше жоба жүзеге асырылады. Мәселен, Лесной орта мектебін, Железин аудандық ауруханасының қазандығына, Михайловка ауылының дәрігерлік амбулаториясына, Еңбекші және Лесной ауылдарының мәдениет үйлеріне күрделі жөндеу жүргізіледі. Сондай-ақ, Прииртышск ауылында сыртқы желілерімен қоса қазандық салынады. Железин ауылының №2 қазандығы қайта жаңартылады, Петропавловка және Есқара ауылдарында су құбыры тартылады. Железин-Веселая роща, Жолтаптық-Мыңкөл автожолдарына, Алакөл, Еңбекші, Моисеевка, Аққайың ауылдарының кірме жолдарына орташа жөндеу жүргізіледі. Михайловка, Еңбекші, Прииртышск
ауылдарының ішкі жолдары да жөнделмек.
Облыс әкімі аудан басшылығына барлық жобалардың уақытылы іске асырылуын қатаң бақылауға алуды тапсырды.
Өз тілшіміз.