Ертіс ауданында несібесін жерден терген еңбекқор жандар тұрады. Тұрғындардың тұрмысын жақсартып, әл-ауқатын арттыру бағытында біршама жұмыстар атқарылуда. Ауданға жұмыс сапары барысында бірқатар әлеуметтік нысандарды аралап, қысы-жазы таусылмайтын тынымсыз еңбектің нәтижесімен танысқан едік.
Аудан орталығын таңдайды
Ертіс ауданына қоныс аударушылар аудан орталығында тұрақтауды қалайды. Себебі мұнда кәсіпкерлік және сауда-саттық қарқынды дамып келеді. Ертіс ауылының әкімі Дәулет Әлкеновтің айтуынша, тұрғындар тұрмысын жақсарту үшін әкімдік барынша қолайлы жағдай жасауда.
– Биыл Ертіс ауылының Мүткенов және Құдайберген батыр көшелеріндегі жолдарға орташа жөндеу жүргізілді. №3 орта мектептің алдында автомобиль тұрағы және балалар ойын алаңы салынды, – деді Д.Әлкенов. Ертіс ауылы көшелеріне төрт мурал сән беріп тұр. Мәселен, Жеңіс күні қарсаңында ардагерлер тұратын Қажымұқан көшесі, 130-үйдің қасбетіне ержүрек батырлардың суреті бейнеленіпті. Тағы бір тұрғын үйде бүркіттің бейнесі сомдалған. Жобаларды Павлодар қаласының суретшілері жүзеге асырған.
— Ертіс ауылында тұрғындарға барлық қолайлы жағдай жасалған. Тұрғын үйлер орталықтандырылған сумен жабдықталып, жылумен қамтамасыз етілген. Ұялы байланыс пен интернет желісіне қосылған. Сондықтан аудан орталығына ауыл тұрғындары да қоныс аударуға ниетті, – деді ауыл әкімі. Аудан орталығына қоныс аударуды қалайтындар қарасы көп болғанымен, көшіп келуге баспана мәселесі қолбайлау болып тұр.
– Ертіс ауылында 7831 адам тұрады. Аудан орталығында мүмкіндік мол болғандықтан, қоныс аударушылар осында тұрақтап қалуға бейілді. Тұрғындар саны жыл санап артып келеді. Екі жыл бұрын 24 пәтерлі үш тұрғын үй салынған болатын. Содан бері басқа ауылдардан адамдар көптеп келе бастады. Бүгінде тұрғын үй кезегінде 200-ге жуық адам тұр, – деді Д.Әлкенов. Алдағы уақытта ауыл әкімдігі 24 пәтерлі төрт тұрғын үйді салуға қолайлы орынды қарастырып жатыр. Жобалық-сметалық құжаттамасы дайын болғанымен, әзірге қаражат мәселесі шешілмеген. Ауыл әкімі Д.Әлкенов күрделі мәселенің облыстық немесе мемлекеттік бағдарлама аясында жүзеге асатынына сенімді.
– Ауданға «Дипломмен — ауылға!» бағдарламасы бойынша 28 маман келді, оның алтауы – медицина қызметкері, ал қалғаны – мұғалім. Оларға мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп, әлеуметтік жәрдемақы төленуде, – деді ауыл әкімі. Биыл Ертіс ауылына жұмыс күші көп оңтүстік өңірлерден 24 отбасы қоныс аударған. Оларға тиісті демеуқаржы бөлініп, баспана және жұмыспен қамтылған.
– Аудан тұрғындары әр салада жұмыс істейді. Мемлекеттік грант ұтып, түрлі кәсіптерін ашқан іскер жандар да бар. Мәселен, жергілікті кәсіпкер тапсырыспен суши, пицца жасап, басқа ауылдарға жеткізумен айналысып, табыс табуда. Қазіргі уақытта тұрғындар төл мерекелерінде үйге қонақ шақырмай, дәмханаға барып тойлауды жөн көреді. Мұнда аниматорлар шақыру да жолға қойылған. Биыл аудан орталығында жастардың бос уақытын қамтуға арналған спорт кешені пайдалануға берілді. Ғимарат былтыр салынып, жақында есігін айқара ашты. Мұнда ауыл жастарына 13 түрлі спорт түрімен айналысуға мүмкіндік бар.
– Енді жарыстарды өткізуге қолайлы жағдай жасалды. Алыстан келген қонақтарымызды екінші қабаттағы жатақханаға жайғастырамыз. Жастардың сұранысына сай әйел және ер адамға арналған фитнес залы ашылды, – деді спорт кешенінің басшысы Нұрлан Тұнабеков. Жалпы волейбол, қазақша күрес, гандбол, шахмат және тағы да басқа спорт түрлерімен 682 бала шұғылданады. Алдағы уақытта тоғызқұмалақ, шаңғы және баскетбол секциялары ашылмақ.
Ауыл гүлденіп келеді
Ертіс ауданының орталығында ғана емес, шалғай ауылдарында да ауқымды жұмыстар атқарылуда. Биыл Амангелді ауылында «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында үш жоба іске асты. Амангелді ауылдық округінің құрамына Амангелді және Ленин ауылдары енеді. Аудан орталығынан 130 шақырым қашықта орналасқан қос ауылдағы халықтың жалпы саны 500 адамға жуық. Ауылдық округтің әкімі Алмагүл Шарманованың айтуынша, биыл «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Амангелді ауылында бірқатар жұмыс іске асырылған.
– Қырық жыл бойы жөндеу көрмеген ауыл мектебі күрделі жөндеуден өтті. Үшінші қабаты 1998 жылы жабылып, екі қабаты ғана пайдаланылып келген мектеп қазір толық қуатында жұмыс істейді. Күрделі жөндеуден соң мектепте оқу-тәрбие жұмысын жүзеге асыруға барынша қолайлы жағдай жасалған. Білім ордасын қалпына келтіруге «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша 340 миллион теңгеден астам қаражат бөлінді, – деді А.Шарманова. Қазіргі таңда мектепте 63 оқушы білім алса, шағын орталыққа 16 бала барып жүр.
– Ауылымызда бала саны жылдан-жылға көбейіп келеді. Көпбалалы 20 шақты отбасы бар. Балаларға арнап 12 элементтен тұратын балалар алаңы салынды. Жаз бойы балалар ойнап, мәз-мейрам болды, – дейді ауылдық округ әкімі. Сонымен қатар, ауылда 2,5 км кентішілік жолға орташа жөндеу жүргізілген. Биыл ауылдың Мир, Амангелді, Набережное, Гагарин секілді орталық көшелеріне асфальт төселді. Қалған үш көшені жөндеу алдағы уақыттың еншісінде. Ауылдық округ әкімінің айтуынша, ауылдардың әлеуеті жақсарып келеді.
– Ауылымыз гүлденіп келеді. Шекарада орналасқан елді мекенге жастар келіп жатыр. Қазірдің өзінде 40-қа жуық жас отбасы бар. Сондықтан ауылдың болашағы жарқын болады деп ойлаймын. Ауыл тұрғындары мектепте, шекара бекетінде жұмыс істейді. Мал өсірумен айналысатын шаруа қожалықтары да баршылық, – дейді Алмагүл Шарманова. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Ленин ауылында футбол алаңы салынды. Жергілікті әкімдік өкілінің сөзіне сүйенсек, Ленин ауылына Бірсуат тарихи атауын қайтару мәселесі қарастырылған жиында барлық тұрғындар ұсынысты бірауыздан мақұлдаған. Оған қажетті құжаттар дайын болғанымен, мораторийге байланысты әзірге жұмыс тоқтап тұр. Игі бастама көп ұзамай жүзеге асады деген сенімдеміз. Жалпы, ауылдарды түлетуге, тозығы жеткен әлеуметтік нысандарды жаңғыртуға бағытталған «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасының игілігін Ертіс ауданының ауылдары ғана емес, еліміздің түкпір-түкпіріндегі елді мекендер де көріп отыр. Игі бастаманың арқасында ауылдардың көркі кіріп, елді мекендердердің қоңырқай тірлігіне қан жүгірді. Ауылдың тынысын кеңейтіп, тұрғындарға жаңаша дем берген бағдарлама алдағы жылы жалғасын тауып, Ертіс ауданының Панфилов, Қосағаш ауылдарындағы бірқатар әлеуметтік нысандарын жаңғырту жоспарланып отыр. Ауыл тұрғындары үшін тиімді бағдарлама алдағы жылы да берекелі болғай!
Бетті әзірлеген —
Торғын ОРАЗАЛЫ.