Бұған дейін Ақсу қалалық емханасына келушілер дәрігер қабылдауында болып, талдамалар тапсыру үшін екі ғимарат арасында жүріп-тұратын. Бұл өз кезегінде науқастарға да, дәрігерлер де ыңғайсыздық тудыратын еді. Енді қолайлы жағдай жасау үшін ғимараттар арасында жабық галерея салынып жатыр.
Бұрындары емханалар балаларға жеке, ересектерге жеке қызмет көрсететін еді. Кейін жалпы тәжірибе дәрігері қызметі енгізілген соң барлығын бір медицина маманы қабылдайтын болды. Бұл өз кезегінде келушілерге ыңғайсыздық тудырды.
Енді мұндай мәселе болмайды. Себебі екі ғимараттың арасын жалғайтын жабық галерея салынуда. Бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 198 млн теңге бөлінді. Таяуда шаһар басшысы Болатбек Кәрімов атқарылып жатқан жұмыстардың барысын тексерді. «Теплосервис – Ақсу» коммуналдық мекеме басшылығымен бірге жаңа нысанды жылумен қамту мәселелерін талқылады.
Емхана басшысының орынбасары Төлеген Бәкеновтің айтуынша, бұған дейін тегін дәрілерді сақтайтын қойма тар болатын-ды. Енді жабық галереяда оларға кең орын қарастырылмақ. Сол сияқты мұнда дәрігерге дейінгі қабылдау, скрининг, психолог кабинеттері де орналасады. Жаңа нысанды тамыз айында қолданысқа тапсыру жоспарда бар.
Қ.ТІЛЕКТЕСҚЫЗЫ.