Екібастұз қаласына қарасты Құрылысшы ауылында медициналық пункт ашылды. Енді ауылдағы ағайын алғашқы медициналық көмекті елді мекенде еш алаңсыз ала алады.
Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасының аясында өңірде тағы бір медициналық мекеме салынды. Енді Құрылысшы ауылының тұрғындары елді мекенде дәрігерге дейінгі сапалы медициналық-санитарлық көмек ала алады. Мұнда барлығы 123 адам тұрады.
Медициналық пункттің ашылу салтанатына қатысқан қала әкімі Аян Бейсекин ауыл тұрғындары сапалы медициналық көмекті алу үшін бұрынғыдай алысқа бармайтынын атап өтті.
— Мұндағы ем-шара және қабылдау бөлмесі қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілген. Мұндай технологиялар қалалық ауруханаларға бару қажеттілігін азайтып, ауылдық жерлерде медициналық көмек деңгейін едәуір арттырады. Бұл ретте, медициналық пункт амбулаториялық қызмет көрсету орны ғана болмай, Екібастұз қаласы бейінді мамандарының профилактикалық тексерулер жүргізетін алаңына айналатынын да атап өту маңызды, — деді шаһар басшысы.
Сонымен қатар, «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы бойынша Бәйет ауылында фельдшерлік-акушерлік пункттің құрылысы аяқталуға таяу.
Қ.ТІЛЕКТЕСҚЫЗЫ.