Железин ауданы Есқара елді мекенінің тұрғындары бұдан былай тақтайдай жолмен қатынайды. Қазіргі таңда жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын.
Аудан әкімі Айтуған Шайхимов Instagram әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында аталмыш елді мекенде инфрақұрылымды дамыту бағытында екі жоба жүзеге асып жатқанын атап өтті. Оның біріншісі — Есқара ауылының кіреберіс жолындағы орташа жөндеу. Ауылға апаратын 500 метрлік жол алдағы аптада жаңарған күйі тұрғындар игілігіне берілмек. Одан бөлек, елді мекеннің ішінде жалпы ұзындығы 1,7 шақырым көше жолдары жөндеу көруде. Нақтысы, екі көше және бір қиылыстың жолына орташа жөндеу жүргізілуде. Мердігер ұйымдар – «BS-StoryCompany» ЖШС және «СК АРАКС» ЖШС шарттық міндеттемелерге сәйкес жұмыстарды атқаруда. Бұл жобалар ауылдағы жолдың сапасын арттырып, тұрғындарға жайлылық сыйламақ.
Г.МАҒЖАН.