Ерлікке тағзым

Ақп 27, 2025

Кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылған күніне орай аудан тұрғындары сұрапыл соғыста ерлік көрсетіп, майданда өмірі қиылған Серік Хамзиннің ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Ауғанстанда қаза болған батырларды бір минут үнсіздікпен еске алды.

«Тарихи мұра» орталығында «Ерлікпен танылған ерлер» атты тақырыпта іс-шара ұйымдастырылды. Жиынға Ауған соғысы ардагерлері, аудандық мәслихаттың депутаттары, студенттер және оқушылар қатысты. Кеш қонақтары жастарға соғыс жылдарындағы ауыртпалықты айтып, бейбіт өмірдің мәнін түсіндірді. Шараға арнайы қатысқан Бибігүл Хамзина ағасы Серік Хамзиннің ерлігін мақтанышпен баяндады.

— Ауған соғысы – тарихтың ауыр кезеңдерінің бірі. Кеудесін оққа тосқан ерлердің көзсіз ерлігі туралы ұмыта алмаймыз. «Өз батырларын құрметтейтін және мақтан тұтатын халық – ұлы халық» демекші, жақындарынан айырылғандар үшін, жастық шағы от пен оқтың ортасында өткендер үшін Ауған соғысы – жазылмайтын жара. Себебі соғыс өрті сөнгенімен, жақынын жоғалтқандардың жан жарасы басылмайды. Мен ағамның ерлігімен мақтанамын. Жас ұрпақ бейбіт өмірдің қалай келгенін біліп, ардагерлерге құрметпен қарауы тиіс, — деді Б.Хамзина.

А.АСҚАРҚЫЗЫ.