Ертісте егін орағы қарқынды

Қаз 2, 2025
Photo Valeriy BUGAYEV

Биыл Ертіс ауданында егін бітік шығып, күзгі науқан олжалы болып жатыр дейді шаруалар. Астықтың отанына айналған өңірде бидай алқабында гектарына 30 центнерден өнім беруде. Жалпы, ағымдағы жылы ауданда 325,4 мың гектарды құрайтын алқапқа егін салынған. Жуырда облыс әкімі Асайын Байханов Ертіс ауданына жұмыс сапарымен барып, диқандардың күзгі егін жинау жұмысымен танысты. Алдымен тек бидай мен күнбағыс егетін «Смағұл»  шаруа қожалығының егіс алқабына барды.

Бұл Северный ауылдық округінің аумағында орналасқан. Шаруа-шылық басшысы Амангелді Смағұловтың айтуынша, биыл 8 мың гектар алқапқа бидай, 4 мың гектар алқапқа күнбағыс еккен.

— Биыл астықтың шығымы жақсы болды. Жаңбыр көп, құрғақшылықтан аман. Бидайды гектарына 30 центнерден алып жатырмыз. Ал күнбағыстың да өнімі жақсы болды. Егін орағы науқанын қазан айының бірінші жартысында аяқтайтын боламыз. Егін алқабында 30-ға жуық адам жұмыс істейді. Орташа айлықтары 500 мың теңгені құрайды, — деді Амангелді Дәуренбекұлы.

Шаруашылық иелігінде 8 комбайн, 11 трактор, 3 жүк көлігі бар. Қазіргі таңда шаруашылық базасында астықты қайта өңдеуге және сақтауға бағытталған механи-каландырылған ток құрылысы жүргізілуде.  Оның қуаты сағатына 160 тонна өнім өңдеуге мүмкіндік береді. Жалпы сыйымдылығы – 7 мың тонна. Құрылыс-монтаждау жұмыстары соңғы сатыға келді. Трансформаторды монтаждау, газ құбырын тарту және газголь-дерлерді орнатуға дайындық жүргізілуде.

Аудан әкімі Нығыман Жүсіповтің айтуынша, биыл аудандағы егіс алқабы 325,4 мың гектарды құрады, бұл өткен жылғы көрсеткіштен едәуір жоғары. Бүгінгі таңда
111 мың гектардан егін өнімі жиналып, орташа өнімділік көрсеткіші 15,1 ц/гектарды құрады.

Өңір диқандарын қолдау бойынша жобалардың бірі – «ҚазАгро-Қаржы» АҚ-ның 5 пайыздық жеңілдетілген лизингтік бағдар-ламасы. Аталған бағдарлама бойынша аграрлық өндірістік кәсіпорын-дарды (АӨК) дамытудың мемлекеттік саясаты жоғары деңгейде іске асырылуда. Қазіргі уақытта 700 бірлік ауыл шаруашылығы техникасы алынып,  21 млрд теңге игерілген. Осылайша, 300-ге жуық АӨК өздерінің техника паркін айтарлықтай жаңартып алған.

– Аграрлық шаруаларға жаңа техникалар сатып алу үшін 5 пайыздық жеңілдікпен несиелер беріліп жатыр. «Смағұл» шаруа қожалығының жобалары да осы жолмен қаржыландырылып, 100 млн
теңге көлемінде несие алған. Нәтижесінде жаңа тракторлар, комбайн сатып алды. Бұл — шаруалар үшін өте ыңғайлы бағдарлама. Несие алу үшін кепілге қоятын мүлік іздемейді, сол техниканың өзі кепілге алынады, – деді «ҚазАгроҚаржы» АҚ Павлодар облысындағы өкілі Байсал Алпысбай.

Аймақ басшысы «Западный»  ШҚ өкілдерімен де кездесіп, жаңа салынып жатқан ет өңдеу кешенінің жобасымен танысты. Жоба 2026 жылы аяқталады деп жоспарлануда. Жылына
1,5 мың тонна ет өңдеуге арналған алып кешеннің инвестициялық құны – 1.5 млрд теңге. Кәсіпорын консервілерді, шұжық өнімдерін және жартылай фабрикаттарды шығарады. Жобаның іске асырылуы жаңа жұмыс орындарын құруға және ішкі нарықты сапалы ет өнімдерімен қамтамасыз етуге ықпал етеді.  Облыс басшысы Асайын Байханов Ертіс ауданының әкімі Нығыман Жүсіповке аталған жобаға жан-жақты қолдау көрсету керек деген тапсырма берді.

Жұмыс сапарының соңында облыс әкімі Қызылжар ауылдық округіндегі «ОХ Иртышское» ЖШС-не барды. Мұнда 2 мың гектардан астам суармалы жерде күнбағыс, жүгері, картоп және жемшөп дақылдары өсіріледі. Шаруашылықта заманауи суару жүйесі тартылған және соңғы жылдары жалпы сыйымдылығы 15 мың тонна болатын алты көкөніс қоймасы салынды. Бұл диқандардың жыл бойғы маңдай терімен алған өнімін сапалы сақтап, нарыққа тұрақты жеткізуді қамтамасыз етеді.

Асайын Байханов шаруалармен жеке кездесіп, олардың ұсыныс-пікірлерін де тыңдады. Сонымен қатар, өңірдің агроөнеркәсіптік кешенін жүйелі және кешенді түрде
дамыту қажет екендігін атап өтті.

– Егіс алқаптары өсуде, шаруа-шылықтар заманауи тәсілдерді енгізіп, техникалар жаңартылуда. Технология мен қайта өңдеу саласына салынған инвестициялар аграрлық саланың өсуінің негізгі факторына айналуда. Біздің фермерлер осы бағытта жұмыс жасап жатыр.  Егіс алқаптарын жаңғырту үшін озық технологияларды көптеп енгізу қажет. Осылайша біз қайта өңдеуді дамыта отырып, өнімді сақтаудың сенімді жүйесін қалыптастыра аламыз. Мұндай тәсіл өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға, шаруашылықтардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және ауыл тұрғындары үшін жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді, — деп атап өтті облыс басшысы.

Кәсіпкерлермен меморандум бекітілді

Өңір басшысының жұмыс сапары осы күні Ақтоғай ауданында жалғасты. Аудан әкімі Қаршыға Арынов қысқаша есеп беріп,  осы саладағы сандарды сөйлетті. Биыл аудан диқандары егіс алқабын 80 мың гектарға жеткізген.  Бұл өткен жылға қарағанда 10 мың гектарға артық. Дәнді дақылдар 43 мың гектарға салынса, майлы дақылдар алқабын 12 мыңнан 25 мың гектарға дейін көтерген, бидай 33 мың гектарға егілді. Бүгінгі таңда 21 мың гектардан егін жиналды.

— Дәнді дақылдарға былтыр 50 мың гектар бөлінсе, биыл бұл көрсеткіш 43 мың гектарға азайды. Дәнді дақылдар ішінде бидай алдыңғы орында, оның көлемі 33 мың гектарды құрайды. Өнімділікке келер болсақ, қазіргі уақытта гектарына 10,3 центнерді көрсетіп отыр. Ал картоптың өнімділігі — гектарына 460 центнер, сәбіз гектарына 530 центнерді құрады, — деді Қаршыға Арынов.

Одан кейін аймақтағы ең ірі аграрлық кәсіпорындардың бірі саналатын «Ақтоғай Агро» ЖШС-не барды. Мұнда заманауи тиеу терминалы және жалпы сыйымдылығы 20 мың тонна болатын алты көкөніс қоймасы жұмыс істейді. Шаруашылық иелігінде 11,5 мың гектар егіс алқабы бар. Онда астық, майлы және көкөніс дақылдарын өсіреді. Кәсіпорында 200 тұрақты және 50 маусымдық қызметкер жұмыс істейді, орташа жалақы 400 мың теңгені құрайды. Компания цифрлық технологияларды белсенді енгізуде. Атап айтсақ, бұрын-соңды болмаған алып дрондар егіс алқабындағы жағдайды бақылауға, патогендерді уақтылы анықтауға және өсімдік шаруашылығының тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, «Ақтоғай Агро» ЖШС тауарлы сүт фермасының төртінші блогын салу жобасын іске асыруда. Құрылыс жұмыстары аяқталғаннан кейін мал саны 1,9 мыңнан 2,5 мың басқа дейін артады деп күтілуде. Жаңа кешеннің толық іске қосылуы 2026 жылдың соңына жоспарланған.

– Құрылыс жұмыстары биыл шілдеде басталды. Қаржыландыру толығымен кәсіпорынның өз қаражаты есебінен жүргізілуде. Жалпы құны  – 3 миллиард теңге. Сонымен қатар, темірбетон жұмыс-тарын жергілікті кәсіпорындар атқарып, өңірге қосымша эконо-микалық серпін беріп отыр. Жобаның аясында 24 жаңа жұмыс орны ашылады. Бұл ауыл тұрғындары үшін тұрақты табыс көзі болады, – деді «Ақтоғай-Агро» серіктестігінің бас директоры Александр Терентьев.

Жұмыс сапарының соңында өңір басшысы диқандармен кездесу өткізіп, көкөніс бағасын тұрақтандыру бойынша меморандумға қол қойды. Меморандум бойынша, көкөніс қоймасына 10 мың тонна картоп пен 3 мың тонна сәбіз жиналатын болды. Бұл өңірдің маусымдық қажеттілігінің шамамен 30 пайызын құрайды. Осы құжатта әлеуметтік дүкендер мен ауылшаруашылық жәрмеңкелерінің бағалары да бекітілді. Онда картоптың келісі 125 теңгеден, ал сәбіздің келісі 115 теңгеден сатылуы керек. Меморандумға «Ақтоғай Агро» ЖШС, «AgroTerra» ЖШС, «Заря» ШҚ, «Галицкое» ЖШС, «Победа» ЖШС-мен қатар өңірдің жиырмадан астам ауыл шаруашылығы құрылымдары қол қойды.

– Қабылданған шаралар әлеу-меттік маңызы бар өнімдердің бағасын тұрақтандыруы тиіс. Яғни, бағаны халыққа қолжетімді жағдайда ұстауға, фермерлерді қолдауға және жергілікті тұтынушыларды ішкі өніммен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Ауыл шаруашылығы дегеніміз – азаматтардың өмір сүру сапасына әсер ететін стратегиялық сала. Біздің міндетіміз – азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету ғана емес, сонымен қатар, бағаның тұрақтылығын ұзақ мерзімге сақтау, – деп атап өтті облыс әкімі.

2025 жылы облыста картоптың егіс алқабы 6 мың гектарға ұлғайып, 31,2 мыңға жеткен болса, сәбіз өсіретін шаруалардың егіс алаңы 5,3 мың гектарды құрады. Болжам бойынша 937 мың тонна картоп және 184,5 мың тонна сәбіз жиналады деп күтілуде. Ағымдағы жылы аграрлық өндірістік кәсіпорындарды (АӨК) дамытуға 29,9 млрд теңге субсидия бөлінді, оның ішінде 6,6 млрд теңгені көкөніс және картоп өндірушілері алды. Диқандарға қосымша 33,2 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлініп, 53,8 млрд теңге сомасына жеңілдетілген несиелер берілді.

Тілеуберді САХАБА, Ертіс, Ақтоғай аудандары.

Суретті түсірген – Валерий Бугаев.