Облыс әкімі Асайын Байханов екікүндік сапармен Ертіс ауданында болды. Сапар барысында аймақ басшысы шаруашылықтардың тыныс-тіршілігімен танысып, қуаңшылық жағдайындағы егіннің өнімділік барысына көз жеткізді. Шаруалардың мұң-мұқтажын тыңдады. Екінші күні аудан тұрғындарымен кездесіп, өзекті сауалдарына жауап берді.
Соңғы жылдары Ертіс ауданында суармалы алқапты дамыту жобалары жүйелі іске қосылуда. Қуаңшылық қос бүйірден қысқан кезде бұл бағыттағы жұмыстардың жалғасуы қажет-ақ. Бүгінде Қарақұдық ауы-лында орналасқан «КМ ErtisAgro» құны 788 миллион тұратын суландыру жобасын жүзеге асыруда. Жобаға сәйкес, 11 шақырым жерге құбыр тартылып, электр желілері 22 шақырымға созылған. Су Ертіс өзені арнасынан алынады. Құрылыс жұмыстары биыл маусым айының басында басталып, қазан айында аяқталмақ. Қаражат тапшылығы жоқ. Жұмыс күші жеткілікті.Шаруашылық басшысы Арман Қайсағалиев құрылыс материалдары қымбаттаса да, шама-шарқынша қаржы мәселесін реттеп жатқанын жеткізді. Алдағы уақытта тауарлы сүт фермасын салуды көздеп отырғанын, бірақ жер жетпейтінін де айтып қалды. Десе де, қол қусырып отырмай, әзірге жоңышқа өсіруге ниетті. Облыс әкімі Асайын Байханов бұл жоба республикалық қаражат есебінен салынып жатқандықтан, жауапкершілігі жоғары екенін атап өтті. Сондықтан шаруашылыққа жобаны сапалы аяқтауды тапсырды. «Иртышское» тәжірибелі шаруа-шылығында болған аймақ басшысы картоп пен жүгері алқабын аралады. Шаруашылық басшысы Николай Миллер қуаңшылық салдарынан биыл барлық алқаптан 30 пайыз ғана өнім алынатынын айтты. Оның өзі сапасы төмендеу өнім болмақ.
— Биыл жағдай өте қиын. Өнім аз әрі сапасы төмен болғандықтан қаражат таршылығы туындайды. Тұқым жеткіліксіз болады. Маған тек тұқымның өзіне 1,5 млрд теңге қаражат керек. Шаруалардың мәселесін Үкімет реттеуі қажет. Әйтпесе, биыл қуаңшылықтың салқыны біздің даму көрсеткішімізді 10-15 жыл артқа жылжытуы мүмкін, — деді Н.Миллер. Облыс әкімі келесі аптада әкім-дікте үлкен жиын өтіп, шаруалардың мәселесі талқыланатынын жеткізді. Ағашорын ауылдық округіне қарасты Ұзынсу ауылының тұрғын-дары ұзақ күткен қуанышқа кенелмек. Бұрындары ащы судың зардабын тартып, кейін КБМ-нен су тасып келген ұзынсулықтар биыл күзден бастап орталықтандырылған сумен қамту жүйесінің қызығын көреді. Екі жылдық жоба шеңберінде 125 үйге су құбыры тартылған. Жауапты мердігер әлеу-меттік әлсіз топқа жататын 60 отбасыға құбырды тегін тартып берсе, қалғандары өз қаражатына құбырды үйге дейін жалғаған. Мердігердің айтуынша, ащы суды тазартуға арналған қондырғы орна-тылған. Қыркүйек айында жоба толығымен іске қосылады деп жоспарланып отыр. Судың дәмін татып көрген аймақ басшысы Асайын Қуандықұлы судың әлі де ащылау екенін, бұл ретте қосымша тазалау қондырғысын орнату мәселесін қарастыруды тапсырды. Сапар барысында Асайын Байханов жергілікті шаруалармен кездесіп, мәселелеріне құлақ түрді. Диқандар қуаңшылыққа байланысты төтенше жағдай жариялауды сұрап отыр. Бұл шаруаларға не береді? Олардың айтуынша, егер төтенше жағдай жарияланса, агрокомпаниялардан алынған несиелерді төлеу мерзімі шегерілмек. Аймақ басшысы кез келген оқыс кезеңде төтенше жағдай жарияланбайтынын еске салды. Ал несиенің төлеу мерзімін төтенше жағдай жарияланбай-ақ реттеуге болатынын айтты. Сондай-ақ шаруалар, техника паркін жаңарту, субсидия бойынша проблемаларды ортаға салды. Асайын Байханов бұл күні мектептерді жөндеу жұмыстарының барысымен танысып, кестеден кешікпеуді әрі жұмыстарды сапалы жүргізуді тапсырды. Ертіс ауданындағы жолдың жалпы ұзындығы 838,9 шақырымға тең. Биыл бірқатар бағыттағы жол орташа жөндеуден өтіп, жаңа кейіпке енбек. Облыс әкімі Асайын Байханов жұмыс сапары барысында Амангелді ауылына кіреберіс жолдың және «Ленинский-Иртышск-Русская Поляна» айналма жолының жобаларымен танысты. Соңғысы — республикалық деңгейде шешілетін мәселе. Олай дейтініміз, бұрындары амангелділіктер қатынап жүрген жолды Ресей тарапы жауып тастаған болатын. Құжаттарға сәйкес, жолдың бір бөлігі Ресейдің шекарасы болып табылады. Ендігі жерде
5,8 км айналма жол салу мәселесі туындап отыр. Жобаға шамамен 4,2 млрд теңге қаражат қажет етілуде. Облыс әкімі бұл мәселе бойынша құзырлы министрліктермен байланыс жасап жатқанын жеткізді. Аймақ басшысының Ертіс ауда-нындағы жұмыс сапарының жалғасы туралы алдағы нөмірден оқитын боласыздар.
Оралхан ҚОЖАНОВ,
Ертіс ауданы.
Суреттерді түсірген — Валерий Бугаев.