Кеңтүбек – аумағы үлкен болмаса да шаруасы оңды, жері шұрайлы Май ауданына қарасты шағын ауыл. Алақандай ауылдың проблемалары да аз емес. Біздің көзге түскені – мәдениет үйінің  қараусыз ғимаратқа айналып бара жатқаны. Өкінішке қарай, мереке күндері ән әуелеуі тиіс мәдени орданың есігі бүгінде тарс жабық.

1963 жылы бой көтерген ғимаратқа 2019 жылы ағымдағы күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, ауылдың 60 жылдығына орай қайта қолданысқа берілген. Алайда араға үш жыл салып, нысанның төбесі тесіліп, қабырғалары жарыла бастады.

Мәдениет үйінің әдіскері Сағай Амангелді ғимарат жабық болғандықтан, мәдени шараларды мектепте өткізуге мәжбүр екенін айтты.

— Мәдени шараларды мектептің мәжіліс залында өткіземіз. Ауыл әкімі Серік Бақауов әкімдіктің ішінен бір бөлмені берді. Қағаз-құжаттарымыз да сонда. Шағын бөлмеде мәдени шаралар өткізу мүмкін емес. Кітапхана да осында орналасқан. Әйтсе де, бұл ғимараттың да барлық талапқа сай келмейтіні көзге көрініп тұр. Ауқымды шараларды аудан орталығы Көктөбе ауылдық мәдениет үйінде немесе осы елді мекендегі білім ордасының мәжіліс залында өткізуге мәжбүрміз, — деп қынжылады әдіскер.

Оның айтуынша, бұған дейін ескі ғимараттың мәселесін талай көтергенімен, естір құлақ болмаған. Тек араға 10 жыл уақыт салып, жазған хаттары Үкімет назарына алынып, тиісті жұмыстар атқарыла бастаған.

— Мәдениет үйінің мәселесін бірнеше рет көтердім. Үкіметке де хат жаздым. Кейін өтінішім қабылданып, бюджеттен жөндеуге 8 млн теңге бөлінді. Бірақ жауапты мердігер тек 4 млн теңгенің шаруасын атқарған. Кейін оны сотқа бердік. Ескі ғимараттың іші салқын. Қазір апаттық жағдайда тұр. Оны ауыл тұрғындарының бәрі біледі. Сондықтан жаңадан мәдениет үйін салу керек деп ойлаймын. Өйткені, бұл ғимарат ескі. Тағы күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізсе де, қайта осы қалыпқа түсуі әбден мүмкін, — дейді ол.

Ауыл тұрғындары айтса айтқандай, мәдениет үйінің бүгінгі жағдайы адам аярлықтай. Көңілге кірбің түсіретін тұстары да жоқ емес. Тас қабырғасына анықтап қарасаңыз, сыртқы бетінде де, ішкі бетінде де жарылып тұрған жерлері кездеседі. Төбесінің жағдайы да мүшкіл. Қардың, жаңбырдың суы шатырдан ішке тамшылайды. Сықырлаған едені әбден ескірген. Терезелері де, орындықтары да жұпыны. Сондай-ақ, жылу қазандығы да ғимарат сыртында орналасқан. Бүгінде мәдениет үйінің есігі құлыптаулы.

Ауыл тұрғындарының пікірін Май аудандық мәслихатының төрағасы Мейрамбек Қызыр да қостады.

— Өзім осы ауылдың тумасымын. Өкінішке қарай, өткен жылдың күзінде мәдениет үйінің төбесі түсіп, бөлінген қаражат құмға сіңді деуге негіз бар. Мәдениет үйінің сахнасынан да су тамшылап, құлауға шақ тұр, — дейді М.Қызырұлы.

Аудандық мәдениет және спорт бөлімінің басшысы Жанар Қомашеваның сөзінше, әлеуметтік нысанның құрылысына жауапты болған мердігермен сот ісі жүріп жатыр.

2019 жылы «Техно-Авангард» мердігерімен Кеңтүбек ауылдық мәдениет үйінің құрылысы бойынша келісімшарт жасалған. Жөндеу жұмыстарына аудандық бюджеттен 8 млн теңге бөлінді. Кепілдіктің уақыты былтырғы қыркүйекте өткен. Облыс бойынша мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына жұмыстарды мемлекеттік сатып алу туралы шарт бойынша 7 990 670 теңгеге материалдық шығынды өндіру туралы талап-арыз берілді.

Ендігі ретте мәдениет үйінің ғимараты тағы да келесі жылы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында күрделі жөндеуден өтеді деп жоспарлануда.

Түйін:

Ауыл — ұлттың қаймағы, ұйытқысы. Еліміздің даңқын асырып жүрген таланттардың көбі сол ауылдан шықты. Мұндағы өнер өркендесе, қазақтың мәдениеті қанатын кең жаяды. Ендеше, ауылдағы мәдениет үйлерінің жағдайын назарға алған жөн.

Айдана БОРАНБАЕВА.