Бүгінде қолынан іс келетін, кәсіппен айналысуға ниеті бар тұрғындарға мемлекет тарапынан барлық мүмкіндік жасалуда. Әсіресе, әлеуметтік санатқа жататын жандарға айрықша көмек көрсетіліп, кәсібін бастау үшін қайтарымсыз гранттар беріліп келеді. Мұндай қолдаудың жемісін баянауылдықтар да көруде.
Былтыр Баянауыл ауданы бойынша әлеуметтік санаттарға жататын 29 тұрғын арнайы кәсіпкерлік негіздері бойынша білімдерін жетілдіріп, бизнес-жоспарлары комиссияның оң бағасын алған. Сөйтіп, әрқайсысы мемлекеттен 1 млн 300 мың теңге көлемінде қайтарымсыз грантқа ие болып, жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, өз істерін бастаған. Олардың қатарында 9 мүмкіндігі шектеулі азамат, 15 көпбалалы отбасы, 1 қандас, 1 мүгедектігі бар баланың күтіміне жауапты жан, 2 қоныс аударушы және 1 атаулы әлеуметтік көмек алатын адам бар. Бұл тұрғындардың барлығы бүгінде өз ісін дөңгелетіп, кәсібінің нәсібін көруде. Солардың бірі — Қоңыран Шолпангүл. Ол осыдан екі жыл бұрын Оңтүстік Қазақстан облысынан Баянауыл ауданының Майқайың кентіне қоныс аударған. Кәмелет жасына толмаған төрт баланы тәрбиелеумен қатар, өз кәсібін бастауды мақсат еткен көпбалалы ана сұранысқа сай етік тігу шеберханасын ашқан. Яғни, шебердің қолынан ұлттық етіктер, мәсілер мен арнайы аяқ киімдер жасалуда.
— Етік тігудің қыр-сырын үйренгеніме бірнеше жыл болды. Негізі, 2018 жылы Талдықорғанда тұрған кезде «NOMAD» оқу орталығынан білім алып, біраз тәжірибе жинап едім. Павлодар облысына қоныс аударғаннан кейін етік тігу шеберханасын ашуды мақсат еттім. Сөйтіп, бизнес жоспарымды жасап, комиссияның шешімімен мемлекеттік грантқа қол жеткіздім. Әзірге кәсібімді өз үйімде жалғастырып жатырмын. Сол себепті жаныма қосымша тігінші алған жоқпын. Барлық шаруаны өзім тындырамын, арасында жолдасым көмектеседі. Болашақта жеке ғимарат алып, үлкен шеберхананың тұсауын кесуді армандаймын. Бұл іске бірден кірісіп кетуге қаржының тапшылығы қолбайлау болып тұр. Бастысы, шағын болса да алғашқы кәсібімді ашуыма мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп жатқанына ризамын, — дейді тігінші кәсіпкер. Оның айтуынша, өз қолынан шыққан өнімдер таза теріден тігілетіндіктен сұраныс та артқан. Аяқ киімдерді аймақ тұрғындарымен қатар, өзге өңірлерден сатып алушылар да көбейген.
— Басқа жақтан тапсырыс жиі түседі. Оларға пошта бөлімшесі арқылы тауарды салып жіберемін. Қажетті материалдарды Қазақстаннан және Қытайдан арнайы тапсырыспен алдырамын. Тек таза теріні ғана пайдаланамын. Аяқ киімдер өлшеміне қарай әр түрлі бағада сатылады. Ең үлкенінің құны 12 мың теңге тұрады. Бір етікті жасап шығаруға шамамен 3 сағаттай уақытым кетеді. Әрине, әр істің өз қиындығы мен қызығы бар. Етік тігу ептілікті қажет етеді. Осы жолды таңдаған соң, талмай еңбектеніп, нәтижесін көруге ұмтылудамыз. Менің жұмысыма балаларым да көмек қолын созғысы келеді. Оларды араластырмай, оқуға ден қоюын талап етемін. Бірінші кезекте қатарынан қалмай білім алу маңызды екенін түсіндіремін, — дейді кәсіпкер.
«Шешеннің тілі ортақ, шебердің қолы ортақ», — демекші, тігінші аз уақыттың ішінде өз білгенін бірнеше шәкіртіне үйретіп шыққанын айтады. Алдағы уақытта олар да отандық аяқ киім өндірісінің дамуына өз үлестерін қосады деген үміт бар.
Жалпы, Баянауыл өңірінде тұрғындардың кәсіпкерлікпен айналысып, жұмыспен қамтылуына барынша мүмкіндік жасалуда. Аудан әкімдігінің мәліметі бойынша, былтыр әлеуметтік жұмыс орындарына 96 адам тартылған. Екі қолына бір күрек таба алмай жүрген бұл азаматтарға 49 жұмыс беруші көмектескен екен. Айталық, Баянауыл ауылындағы «Нұрлығаева» ЖК үш жұмыскер қабылдап, келісімшарт аяқталған соң оларды тұрақты жұмысқа қабылдаған. Сондай-ақ, Торайғыр ауылындағы «Жасыбай» ШҚ да үш адамды әлеуметтік жұмыс орнына алып, кейін тұрақты жұмыспен қамтыды. Негізі, жоспар бойынша 2023 жылы қоғамдық жұмысқа 226 орын бөлінген, бірақ 559 жұмысшы қатысып, оның 94-і тұрақты жұмысқа орналастырылған. «Күміс жас» жобасы аясында да бекітілген 27 орынға жұмысшылар толық тартылып, жоспар 100 пайыз орындалған.
Халықты жұмыспен қамту, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту — мемлекеттік басым бағыттардың бірі. Бұл ретте, Баянауыл ауданында атқарылып жатқан ауқымды іс-шаралар өзге өңірлерге үлгі боларлықтай.