Железин ауданында жұмыссыз азаматтарды еңбекпен қамту ісі биыл да жоспарлы түрде жалғасын таппақ. Ол үшін еліміздегі түрлі мемлекеттік бағдарламалар жәрдеміне жүгінеді.
Облыстық еңбек мобильділігі орталығының мәліметінше, биыл Железин ауданында 37 адамды әлеуметтік жұмыс орнымен қамту межеленген. Айта кетейік, әлеуметтік жұмыс орнының ұзақтығы 1 жылдан аспайды, яғни, азаматтар уақытша жұмысқа тартылады. Мұнда мемлекет жұмыссыздардың еңбекақысының бір бөлігін субсидиялайды және ол жұмыссыздарға кәсіби дағдыларын жоғалтпауға, тіпті жаңа дағдылар меңгеруге мүмкіндік береді.
Одан бөлек, 64 азаматты «Жастар практикасы» арқылы жұмысқа орналастыру жоспарланып отыр. Бұл бағдарлама жас мамандардың еңбекке араласып, тәжірибе жинауына жол ашады. 171 железиндік азамат қоғамдық жұмысқа тартылмақ. Жасы 50-ден асқан тұрғындар «Күміс жас» бағдарламасы арқылы жұмыс таба алады. Оған биыл ауданда 45 орын қарастырылған.
Былтыр 38 азамат әлеуметтік жұмыс орны арқылы нәпақа тапса, 63 жас «Жастар практикасы» аясында еңбек еткен. Тағы 41 тұрғын «Күміс жас» бойынша жұмыспен қамтылса, 14 жас азамат «Алғашқы жұмыс орны» бағдарламасының игілігін көрген. Соңғысының биылға жоспары әлі бекітілмеген екен. Ақпан айында басталады деп күтілуде.
Г.ТҮГЕЛБАЙ.