Жыл сайын елімізде қарашаның үшінші жексенбісінде ауыл шаруашылығы және өңдеу өнеркәсібі қызметкер-лерінің күні атап өтіледі. Бүгінгі күні аталған салада жүйелі жұмыстар жүргізіліп, ауыл шаруашылығында еңбек етіп жүрген жандар ел экономикасының маңызды стратегиялық бағытын дамытуға сүбелі үлес қосып келеді. Солардың бірі – Павлодар ауданына қарасты Чернорецк ауылында орналасқан «Мақаш» шаруа қожалығының басшысы Есімжан Мақаш.

Есімжан Мақаш — мамандығы бойынша инженер-механик. 1974 жылы Новосібір ауыл шаруашылығы институтының механикаландыру факультетін тәмамдаған ол аталмыш кеңшарда бас инженер, ауыл шаруашылығы техникасы жетекшісінің орынбасары қызметтерін атқарып келген. Ал 2002 жылы Есімжан Асайұлы өз өмірін ауыл шаруашылығымен байланыс-
тырып, Павлодар ауданына қарасты Чернорецк ауылында «Мақаш» шаруа қожалығын ұйымдастырды. Айта кетейік, қарт Ертістің бойын жағалай қоныс тепкен «Мақаш» шаруа қожалығының өкілдері егіс алқаптарын әртараптандыру, құнарлы жерді жылда күтіп-баптаудың арқасында облыс бойынша ең бірінші болып картоп пен сәбіздің өнімдерін жинайды. Мәселен, ағымдағы жылы шілде айының басында алғашқы қартоп өнімі қазыла бастады. Шаруашылық картоптың өте ерте өнім беретін «Коломбо», «Импала» сұрыптарын еккен. Дәруменге бай сәбіз де шамамен сол уақытта жинала бастапты. Төрт гектар аумақта тамшылай суару әдісімен сәбіздің ерте өнім беретін «Абака» сұрпы егіліпті. Ерте піскен көкөніс өнімдері Астана, Семей, Өскемен, Қарағанды, Павлодар өңірлеріне саудалануда.

– Шаруашылықты құрған бойда менің жеке жерім жоқ еді. 2003 жылы Чернорецк ауылындағы жердің бір бөлігін, одан кейін Черноярка ауылында жердің бір бөлігін жалға алғанмын. Жалға алынған жер бұрынғы Пресновский кеңшарының бақшасы болатын. Ол кезде бұл жиырма жылдан астам уақыт бойы қараусыз қалған алқап еді. Алдымен оны қалыпты жағдайға келтіру керек болды. Яғни, жерді тыңайтқыштармен қоректендіру қажет. Осылайша 10-20 гектар шағын учаскелерден бастап, біртіндеп аумақты кеңейттім. Қазіргі уақытта шаруашылықта сәбіз шамамен 40 гектарға, картоп 30 гектарға егіледі. Бұрын пияз, қызылша өсірсек, биыл тек екі көкөніс дақылын қалдыруды жөн көрдік. Биылғы жылы ауа райы барлық шаруаларға қолайлы болды, су топырақты қанықтырды, жылу жеткілікті, егістік бітік шықты, — дейді Е.Мақаш.

Бүгінде ауыл шаруашылығы саласы мемлекеттiк қолдаудың арқасында жаңа деңгейге көтеріліп, экономикамыздың дамуымен тұрғындардың әл-ауқатын арттыруда жетекші күшке айналып отыр. Жалпы агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, оның бәсекеге қабілеттілігін арттыру – мемлекеттің ғана емес, фермерлердің алдындағы маңызды міндет. Осы міндетті абыроймен атқарып келе жатқан Есімжан Асайұлы қазіргі уақытта өңірдегі ауыл шаруашылығы саласын өркендетуге өз үлесін қосып келеді. Шаруа бір кездері өзі бастаған осынау кәсібін болашақта баласына аманат етпек.

А.МҰҚЫШЕВ.