Жабайы жануарлар — бақылауда

Жел 4, 2025

Қыс мезгілінде жабайы жануарларға ерекше күтім керек. Осы мақсатта «Ертіс орманы» резерватының мамандары бас қосып, алдағы аязды күндері орман жануарларына жайлы жағдай жасау жолдарын талқылады.

Аталмыш жиында шарбақтылық аңшылықтанушылар қыс айларында жабайы жануарларды жемшөппен қамтамасыз ету, олардың қоныс аударуын бақылауға алу және тиісті техникалардың сақадай сай тұруына ерекше назар аудару керектігін алға тартты. Сонымен қатар, олар азықтандыру алаңдарын тексеріп, суық күндері алыстағы учаскелерге жету мәселелері мен ерекше күтімді қажет ететін жануарлардың жағдайын қадағалап тұру, басқа да мәселелерді талқылады.

Кеңес қорытындысы бойынша алдағы маусымға арналған басым міндеттер айқындалып, қысқы кезеңде жабайы жануарларға қолайлы жағдай жасау және биологиялық алуан түрлілікті сақтауға бағытталған жұмыс жоспары бекітілді.

Н.ШОДЫР.

Шарбақты ауданы.