Аққулы ауданы Жабағылы ауылында жаңа меди-циналық пункт халық игілігіне пайдалануға берілді. Нысанның салтанатты ашылуына аудан әкімі Руслан Мұқанов, ақсақалдар, ауыл тұрғын-дары қатысты.
Жиналғандарды Руслан Берекеліұлы қуанышты сәтпен құттықтап, ауқымды жұмыс «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» бағдарламасы аясында жүзеге асырылғанын атап өтті.
Медициналық пункттің құрылысы мамыр айында басталған. Бұл бағытта республикалық бюджеттен 133 млн теңгеден астам қаражат бөлінген. Шарбақты ауылдық округінің әкімі Махаббат Абулова жергілікті тұрғындар сапалы медициналық көмекке қол жеткізгенін атап өтті.
— Халықтың қуанышында шек жоқ. Себебі елді мекенде заманауи құрылғылармен жабдықталған медициналық пункт бірінші рет ашылып отыр. Ауылда 200-ден астам адам тұрады. Мекемеде бір медбике жұмыс істеп, қажетті көмекті көрсетеді. Жаңа жыл қарсаңында тұрғындардың игілігіне тапсырылып отырғанына қуаныштымыз, — дейді М.Абулова.
Салтанатты шарада ауыл ақсақалдары да сөз сөйлеп, ақ жаулықты аналар шашу шашты.
А.АСҚАРҚЫЗЫ. Аққулы ауданы.